Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарының бірі – туризм саласын дамыту және шетелдік инвестиция тарту. Осы мақсатта облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік ірі компания өкілдерімен кездесу өткізіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады. Кездесу барысында өңір басшысы Түркістан облысының туристік әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктерін кеңінен таныстырып, тиімді әрі ұзақ мерзімді жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Аймақтың қарқынды дамуы, заманауи инфрақұрылымның қалыптасуы, көлік-логистикалық қолжетімділіктің артуы және тарихи-мәдени нысандардың жаңғыруы шетелдік инвесторлар үшін қолайлы инвестициялық орта қалыптастырып отыр. Облыс әкімінің айтуынша, өңірге келетін шетелдік туристер саны жыл сайын тұрақты өсуде. Өткен жылы Түркістан облысына 15 мыңға жуық шетелдік турист келген. Олардың қатарында Өзбекстан, Ресей, Қытай, Түркия және Қырғызстан мемлекеттерінен келген саяхатшылар басым. Бұл көрсеткіштер өңірде туризмді дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетіп, алдағы кезеңде туристік ағынды одан әрі арттыруға мүмкіндік бар екенін айқындайды. Сонымен қатар, Түркістан қаласында жылына 3 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы заманауи халықаралық әуежайдың жұмыс істеуі өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін айтарлықтай арттырып отыр. Әуе қатынасының дамуы ішкі және сыртқы туристер үшін қолжетімділікті жеңілдетіп, туризм индустриясының тұрақты дамуына оң әсерін тигізуде. Кездесу барысында шетелдік инвестор компания өз қызметін таныстырып, туризм және инфрақұрылым салаларында бірқатар ауқымды жобаларды іске асыруға дайын екенін білдірді. Аталған компания – Қытайдағы ең ірі құрылыс холдингтерінің бірі әрі әлемдік деңгейдегі жетекші мердігер ұйымдардың қатарында. 73 жылдық тәжірибесі бар кәсіпорын автожолдар, көпірлер, теміржолдар, әуежайлар, энергетикалық және өнеркәсіптік нысандар сияқты күрделі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда үлкен тәжірибеге ие. Мұндай халықаралық әріптестік Түркістан облысында жаңа инвестициялық жобаларды іске қосуға, туристік инфрақұрылымды кешенді түрде дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Сонымен қатар, бұл бастамалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, оның халықаралық деңгейдегі тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.
