ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫ ӨНДІРІСТЕР ІСКЕ ҚОСЫЛЫП, ИНДУСТРИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛУДЕ

Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібін дамыту, жоғары технологиялы өндірістерді қалыптастыру және инвестициялық белсенділікті арттыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, терең өңдеу өндірістерін дамыту және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруды ұлғайту жөніндегі тапсырмалары өңірде нақты жобалар арқылы жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде Түркістан облысы жаңа индустриялық өндірістер шоғырланған маңызды өңірлердің біріне айналуда.

Кентау қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында жоғары технологияларға негізделген екі жаңа өндіріс орны – «Kentau Cable Industries» және «ElectroCore» зауыттарының іске қосылуы облыстың индустриялық дамуындағы маңызды кезең болды. Жалпы көлемі 3,2 млрд теңге инвестиция тартылған бұл жобалар өңірдің өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, импортты алмастыруға, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.

Жобалардың нәтижесінде 200-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орны құрылып, Кентау қаласының өндірістік әлеуеті жаңа серпінге ие болды. Бұл өз кезегінде халықты тұрақты жұмыспен қамтуға, еңбек нарығын дамытуға және өңір экономикасының тұрақты өсіміне оң ықпал етеді.

Жаңа өндірістердің бірі – «Kentau Cable Industries» жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған заманауи оптикалық кабельдер өндіретін кәсіпорын. Инвестициялық құны 1,7 млрд теңгені құрайтын зауыт жылына 33 мың шақырым оптикалық кабель және 12 мың шақырым микротүтік пакеттерін шығаруға қауқарлы. Өндірісте кабель өнімдерін дайындаудың толық технологиялық циклі жолға қойылып, барлық үдерістер автоматтандырылған басқару жүйелері арқылы жүзеге асырылады. Кәсіпорын Siemens, Bosch, ADVANTECH және Panasonic секілді әлемдік жетекші компаниялардың заманауи технологияларымен жабдықталған. Бұл өндірілетін өнімнің халықаралық сапа талаптарына сәйкес болуын қамтамасыз етіп, ішкі нарықпен қатар экспорттық бағытты дамытуға мүмкіндік береді.

Индустриялық аймақта іске қосылған тағы бір жоба – «ElectroCore» кәсіпорны. Инвестициялық құны 1,5 млрд теңгені құрайтын өндіріс орнында электр энергетикасы мен өнеркәсіп саласына арналған металл шкафтар шығарылады. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 12 мың дана өнімді құрап, электр техникалық өнімдерге деген ішкі сұранысты қамтамасыз етуге және импорттық тәуелділікті азайтуға бағытталған. Мұнда да 100-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылып, өңірдегі білікті кадрларға сұраныс артып келеді.

Жалпы, «Turan» арнайы экономикалық аймағы өндіріс орындарын шоғырландыратын маңызды индустриялық алаң ретінде қалыптасып келеді. Мұнда өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да экономиканың басым салалары бойынша жаңа инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұрынғы өндірістік ғимараттарды жаңғыртып, заманауи кәсіпорындарға айналдыру арқылы өнеркәсіптік инфрақұрылым тиімді пайдаланылып, өңірдің өндірістік мүмкіндіктері кеңейіп келеді.