Түркістан облысында экономиканың тұрақты дамуы, кәсіпкерлік белсенділіктің артуы және салықтық әкімшілендірудің тиімділігі мемлекеттік бюджет кірісінің өсуіне оң әсерін тигізуде. Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өңірдің қаржылық көрсеткіштері жақсарып, бюджеттің кіріс бөлігі жоспардан асыра орындалды.
Өткен брифингте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Сәуле Шырынбекова 2026 жылдың алғашқы алты айындағы негізгі қорытындыларды жариялады.
Оның айтуынша, жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке 517,5 млрд теңге көлемінде салық түсіп, белгіленген жоспар 101,7 пайызға орындалған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 56,8 млрд теңгеге артық түсім түсіп, өңір экономикасының тұрақты өсімін айғақтайды.
Оң нәтижеге салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, цифрлық бақылау тетіктерін енгізу және қосымша кіріс көздерін анықтау бағытындағы кешенді жұмыстар ықпал етті. Жарты жыл ішінде 6 млрд теңгеден астам қосымша бюджет кірісі қамтамасыз етілді.
Атап айтқанда, камералдық бақылау нәтижесінде бюджетке 2 млрд теңге, жер қойнауын пайдаланушыларды тиімді әкімшілендіру есебінен 500 млн теңге, кедендік және қосылған құн салығын әкімшілендіру арқылы 2,9 млрд теңге, ал өндірістік емес төлемдерді басқару нәтижесінде 1,7 млрд теңге көлемінде қосымша түсім түсті.
Сонымен қатар өңірде көлеңкелі экономиканың үлесін азайту және заңсыз экономикалық әрекеттердің алдын алу жұмыстары да күшейтілді. Жыл басынан бері кедендік бақылау барысында есірткі заттарын заңсыз тасымалдаудың 27 дерегі, мұнай өнімдерін заңсыз шығарудың 77 жағдайы және шетел валютасын заңсыз алып өтудің 3 фактісі анықталды. Сондай-ақ жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында 667 салық заңнамасын бұзу дерегі тіркеліп, тиісті шаралар қабылданды.
Мемлекеттік кірістер органдары көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізуде. Алты ай ішінде өңір тұрғындарына 900 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліп, олардың 99 пайызы электрондық форматта ұсынылды. Бұл цифрландыру деңгейінің жоғарылағанын және мемлекеттік қызметтердің ашық әрі қолжетімді бола түскенін көрсетеді.
Кәсіпкерлерге құқықтық және ақпараттық қолдау көрсету мақсатында жаңа Салық кодексін түсіндіруге арналған «Халық бухгалтері» акциясы ұйымдастырылып, оның аясында 56 ақпараттық іс-шара өткізілді. Нәтижесінде 5 мыңға жуық салық төлеушіге тегін кеңес берілді. Бұдан бөлек, салық және кеден заңнамасындағы өзгерістерді түсіндіру бойынша 10 мыңнан астам ақпараттық-түсіндіру шарасы өткізіліп, 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы 20 мыңнан астам азаматтың өтініші қаралды.

