Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдау шаралары мен заманауи агротехнологияларды енгізудің нәтижесінде өңірдің аграрлық әлеуеті жылдан-жылға артып, ауыл шаруашылығы облыс экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналып отыр.
Осы бағыттағы жұмыстармен танысу мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барып, Қ. Әбдәлиев ауылдық округіндегі «Үшбастау» өндірістік кооперативінде басталған егін орағы науқанының барысын көрді. Биыл еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып осы шаруашылықта жиналған бидай қамбаға құйыла бастады.
Өңір басшысы астық жинау жұмыстарының ұйымдастырылуын бақылап, шаруашылықта қолданылып жатқан заманауи агротехнологиялармен және өндірістік мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар Қазығұрт ауданында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралап, жергілікті диқандар мен кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
«Үшбастау» өндірістік кооперативі 2002 жылдан бері егін шаруашылығымен айналысып келеді. Биыл шаруашылық 700 гектарға бидай, 110 гектарға арпа, 150 гектарға мақсары және 60 гектарға жоңышқа екті. Соңғы жылдары кооператив су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін нөлдік өңдеу технологиясын кеңінен қолданып келеді. Биыл бұл әдіс 600 гектар бидай алқабына енгізіліп, топырақ құнарлылығын сақтау, ылғалды тиімді пайдалану және өнімділікті арттыруға оң әсерін тигізуде.
Шаруашылықтың материалдық-техникалық базасы да нығайтылған. Мұнда 2 500 тонна астық сақтайтын қойма, заманауи ауыл шаруашылығы техникалары мен астық жинайтын комбайндар жұмыс істейді. Кооперативте 12 адам тұрақты, ал егін орағы кезеңінде 20 маусымдық жұмысшы еңбекпен қамтылған.
Жұмыс сапары барысында облыс әкіміне Қазығұрт ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі көрсеткіштері, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар және алдағы даму жоспарлары таныстырылды.
Бүгінде Түркістан облысында егін орағы науқаны қарқынды жүргізілуде. Өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі жүйелі жұмыстар нақты нәтижесін беріп келеді. Соңғы сегіз жылда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2,2 есеге өсіп, 551,1 млрд теңгеден 1,2 трлн теңгеге жетті. Осы кезеңде агроөнеркәсіп кешеніне 1 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылып, саладағы өндірістік әлеует айтарлықтай нығайды.
Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 919,4 мың гектарға жеткізілді. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап келеді. Бұл көрсеткіштер өңірде аграрлық секторды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін және ауыл шаруашылығының өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсіміндегі стратегиялық маңызын айқын көрсетеді.

