Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ауыл шаруашылығы өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып отыр. Мемлекет басшысының аграрлық секторды жаңғырту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында өңірде ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Соңғы сегіз жыл ішінде Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2,2 есеге өсіп, 1,2 триллион теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш өңірдің аграрлық саладағы әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді. Нәтижесінде Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі бойынша республикада көшбасшы өңір ретінде өз орнын нығайтты.
Агроөнеркәсіп кешеніне тартылған инвестиция көлемі де айтарлықтай ұлғайды. Соңғы жылдары салаға шамамен 1 триллион теңгеге жуық инвестиция бағытталды. Бұл қаржы ауыл шаруашылығы өндірісін жаңғыртуға, жаңа технологияларды енгізуге және өңдеу өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік беріп отыр.
Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 919,4 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 106 мың гектарға ұлғайды. Бұл көрсеткіш жер ресурстарын тиімді пайдалану және өндіріс көлемін арттыру бағытындағы жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.
Өңірде су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл жоспарланған 27 мың гектардың орнына бұл технологиялар 50 мың гектар алқапқа енгізілмек. Нәтижесінде облыс бойынша су үнемдеу технологиялары қолданылатын жалпы жер көлемі 164 мың гектарға жетіп, жылына 280 миллион текше метр су үнемдеуге мүмкіндік береді.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және жоғары қосылған құны бар өнімдер шығаруға басымдық берілуде. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – мақта-тоқыма кластерін қалыптастыру. Жалпы құны 201 миллиард теңгені құрайтын бұл бастама мақта өсіруден бастап дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды.
Бүгінде жоба аясында екі мақта өңдеу зауыты, тамшылатып суару таспаларын шығаратын кәсіпорын, ПВХ құбырларын өндіретін зауыт және жіп иіру фабрикасы іске қосылған. Нәтижесінде 1 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал толық жүзеге асқан жағдайда жоба жылына 229,5 мың тонна дайын өнім өндіруге және 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Өңірде аграрлық өндірісті әртараптандыру бағытында жүгері кластері де дамып келеді. Шардара ауданында жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін заманауи зауыт пайдалануға берілді. Кәсіпорында крахмал, тағамдық глюкоза, жүгері майы, құрама жем және басқа да жоғары сұранысқа ие өнімдер өндіріліп, ішкі нарықпен қатар шетелге экспортталмақ.
Жылыжай шаруашылығы бойынша Түркістан облысы республикадағы жетекші өңір саналады. Қазіргі таңда облыстағы жылыжайлардың жалпы көлемі 1006,7 гектарды құрап, еліміздегі барлық жылыжайлардың 72 пайызын құрайды. Өткен жылы өңір жылыжайларынан 113 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жиналып, маусымаралық кезеңде республика қажеттілігінің 45 пайызын қамтамасыз етті.
Жылыжай шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында жалпы құны 534,2 миллиард теңгені құрайтын үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар іске қосылғаннан кейін қосымша 102 мың тонна көкөніс өндіріліп, еліміздің тұрғындарын маусымаралық кезеңде отандық өніммен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Сонымен қатар 1 225 жаңа жұмыс орны ашылады.
Соңғы жылдары өңірде субтропикалық дақылдарды өсіру бағытында да елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Бүгінде Түркістан облысында банан, лимон және құлпынай секілді жоғары табысты дақылдар өндірісі жолға қойылған. Бұл ауыл шаруашылығының инновациялық бағыттарын дамытуға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік беруде.
Мал шаруашылығы саласында да Түркістан облысы республикадағы жетекші орындардың бірін иеленіп отыр. Өңірде еліміздегі ұсақ малдың 20 пайызы, ірі қараның 13 пайызы, түйенің 14 пайызы және жылқының 10 пайызы шоғырланған. Сонымен қатар Қазақстаннан экспортталатын ірі қара етінің 80 пайызы мен қой етінің 75 пайызы Түркістан облысының үлесіне тиесілі.
Ет өңдеу саласын дамыту мақсатында өңірде сегіз ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Аталған жобалар толық іске қосылған кезде жылына 18 мың тонна ет және 90 мың тонна өңделген ет өнімдері өндірілетін болады.

