Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың мәдени-рухани қажеттіліктерін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар ауылдық аумақтардың даму деңгейін арттырып, халықтың өмір сапасын жақсартуға ықпал етуде.
Осы орайда Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Қабланбек ауылдық округіне қарасты Жонарық елді мекенінде салынып жатқан 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхана ғимаратының құрылыс барысымен танысты. Нысанның қазіргі жағдайы мен құрылыс сапасы мердігер мекеме өкілдерімен бірге пысықталды.
Аудан басшысы құрылыс жұмыстарына ерекше назар аударып, сапа талаптарын қатаң сақтауды және нысанды белгіленген мерзімде толық аяқтап, ел игілігіне беруді тапсырды. Сонымен қатар құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.
Қазіргі таңда нысанда негізгі құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Атап айтқанда, қаңқалық жұмыстар толық аяқталып, шатыр жабу, ғимараттың сыртқы қасбетін әрлеу және сыртқы инженерлік инфрақұрылым желілерін тарту жұмыстары атқарылуда. Сонымен бірге аумақты абаттандыру және көріктендіру жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарын «ST-SERVICE KZ» ЖШС жүзеге асыруда.
Жаңа мәдениет үйі мен кітапхана елді мекен тұрғындарының рухани өмірін жандандырып, мәдени іс-шараларды өткізуге, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және бос уақытын тиімді ұйымдастыруға кең мүмкіндік береді.
Жалпы, Сарыағаш ауданында әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу және инфрақұрылымды дамыту жұмыстары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыруға бағытталуда.
