Түркістан облысында инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындарға сапалы коммуналдық қызмет көрсету бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – Сарыағаш ауданының Көктерек ауылдық округінде салынып жатқан заманауи кәріз тазалау кешені. Жоба елді мекеннің инженерлік жүйелерін жаңғыртып, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Кәріз тазалау кешенінің іске қосылуы Көктерек кентіндегі коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігін арттырып, сарқынды суларды экологиялық талаптарға сай тазартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаны қорғауға, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға және өңірдің тұрақты дамуына оң әсерін тигізеді.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бүгінге дейін жалпы ұзындығы 6036 метр кәріз құбыры толық тартылып, бір кәріздік сорғы станциясы мен үш сарқынды су қабылдау камерасы орнатылған. Сонымен қатар төрт биологиялық тазарту резервуарының бетондау жұмыстары аяқталып, олардың ішкі қабырғаларын бетондау жалғасуда.
Жоба аясында ұзындығы 455 метр қоршау толық орнатылып, екі өрт сөндіру резервуарының құрылысы аяқталған. Сондай-ақ операторлық ғимарат пен қалдық суларды тазарту нысанының іргетасы дайындалып, авариялық жағдайда пайдаланылатын төрт су қабылдау қоймасының құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Көктерек кентіндегі кәріз жүйелерін пайдалану және күтіп-ұстау жұмыстарын Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қарасты «Сарыағаш Тұрмыс» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жүзеге асырады. Қазіргі таңда кенттегі шипажайлар мен тұрғын үйлерден шығатын сарқынды сулар кәріздік сорғы станциясы арқылы негізгі буландырғыш бассейнге жеткізіліп келеді.
Инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған мұндай жобалар өңірдің инвестициялық және туристік тартымдылығын арттыруда маңызды рөл атқарады. Әсіресе Көктерек секілді шипажай аймақтарында заманауи коммуналдық жүйелердің қалыптасуы қызмет көрсету сапасын жақсартып, қолайлы экологиялық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, елді мекендердің инженерлік әлеуетін күшейтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрақты экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге берік негіз қалыптастыруда.

