Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдау тетіктері мен инвестициялық жобалардың нәтижесінде өңірде заманауи өндіріс орындары іске қосылып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етумен қатар экспорттық мүмкіндіктер де кеңейіп келеді.
Өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дамуына үлес қосып отырған кәсіпорындардың бірі – Түркістан қаласында орналасқан «Milkart» сүт өнімдерін өндіру зауыты. Түркиядан жеткізілген жоғары технологиялық жабдықтармен жарақтандырылған кәсіпорын 2024 жылы өндірісін іске қосып, бүгінгі таңда табиғи шикізаттан 48 түрлі сүт өнімін шығарып келеді. Өнім ассортиментіне сүт, айран, қаймақ, сүзбе, сарымай және өзге де сүт өнімдері кіреді.
Кәсіпорынның өндірістік әлеуеті жыл сайын артып келеді. Бүгінде өндірілген өнімдер Түркістан және Кентау қалаларының тұрғындарын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуметтік дүкендер мен сауда желілеріндегі әлеуметтік бұрыштарға тұрақты жеткізіледі. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде халыққа қолжетімді бағамен ұсынылуы өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға оң әсерін тигізуде.
Мемлекеттік қолдау шаралары өндірісті кеңейтуге де тың серпін беріп отыр. «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы берілген жеңілдетілген қаржыландырудың арқасында кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа технологияларды енгізу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асыруда. Алдағы уақытта өндірістік қуатты төрт есеге дейін арттыру жоспарланып отыр.
Өндірісті жаңғырту нәтижесінде кәсіпорын өнімдерін Өзбекстан, Қырғызстан секілді Орталық Азия мемлекеттеріне, сондай-ақ Қытай нарығына экспорттау көзделуде. Бұл өңірдің экспорттық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, Түркістан облысының азық-түлік өндірісі саласындағы бәсекеге қабілеттілігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның кеңеюі жаңа жұмыс орындарының ашылуына да оң ықпал етуде. Қазіргі уақытта өндіріс орнында 13 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған, оның ішінде өндірістік цех қызметкерлері мен дайын өнімді тасымалдау саласының мамандары еңбек етуде. Өндіріс көлемінің ұлғаюымен бірге жаңа жұмыс орындарының саны да арта түседі деп күтілуде.
Түркістан облысында агроөнеркәсіптік өнімдерді терең өңдеуге және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту өңір экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналып келеді. Мұндай жобалар инвестициялық белсенділікті күшейтіп, импортқа тәуелділікті азайтуға, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және халықаралық нарықта отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өндіріс көлемінің ұлғаюы халықты тұрақты жұмыспен қамтып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беруде.

