Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібінің үлесін ұлғайту және шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беруде. Өңірде іске қосылып жатқан жаңа өндіріс орындары ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға, кәсіпкерліктің дамуына және жергілікті экономиканың тұрақты өсіміне ықпал етуде.
Осы бағыттағы табысты жобалардың бірі – Сауран ауданында жұмысын бастаған «Амина» кондитерлік цехы. Кәсіпорын заманауи технологияларды қолдана отырып, кондитерлік өнімдердің кең ассортиментін шығаруды жолға қойған. Бүгінде өндіріс орнында түрік пахлавасы, круассан, бисквит, кептірілген нан және түрлі тоқаш өнімдері дайындалады.
Өндірістік қуаты тәулігіне 600 қорапқа жуық немесе шамамен 1 тонна дайын өнімді құрайтын кәсіпорында 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл өңірде жұмыспен қамтуды арттыруға және халықтың табысын көбейтуге бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Кәсіпорын өнімдері Түркістан облысымен қатар Алматы, Шымкент, Астана, Жезқазған және Жетісай қалаларына жөнелтіледі. Өнімнің бірнеше өңірдің сауда желілеріне шығуы жергілікті өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, облыстың өндірістік әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік беруде.
Кәсіпорынның ерекшелігі – өндірісте франшиза негізінде енгізілген заманауи технологияларды пайдалануында. Соның арқасында дайындалатын бисквит өнімдері арнайы сақтау тәсілінің нәтижесінде тоңазытқышсыз 30 күнге дейін өзінің сапасы мен дәмдік қасиетін сақтай алады. Мұндай технология өнімнің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оны еліміздің түрлі өңірлеріне тасымалдауға қолайлы жағдай жасайды.
Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған осындай өндірістік жобалар өңір экономикасының тұрақты өсіміне тың серпін беруде. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы инвестициялық белсенділікті күшейтіп, импортты алмастыратын өнім көлемін арттыруға, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал етеді.
Өңірде кәсіпкерлікті қолдау мен өндірісті дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, Түркістан облысының индустриялық әлеуетін арттыруға, азық-түлік өндірісін ұлғайтуға және әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға негіз болмақ.

