Түркістан облысында цифрлық технологияларды кеңінен енгізу, сапалы байланыс қызметін қамтамасыз ету және мемлекеттік басқаруды заманауи цифрлық шешімдер арқылы жетілдіру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде жан-жақты сараланып, алдағы міндеттер нақтыланды.
Өңірде тұрғындарды сапалы мобильді байланыс және интернетпен қамту деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда облыстағы елді мекендердің басым бөлігінде жоғары жылдамдықты 3G және 4G байланысы қолжетімді. Байланыс сапасы төмен елді мекендерде кезең-кезеңімен инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізіліп, жыл соңына дейін қалған аумақтарды толық қамту көзделіп отыр.
Сонымен қатар өңірде жаңа буындағы 5G байланыс желісін дамыту жұмыстары қарқын алған. Қазіргі уақытта бірқатар аумақта бесінші буын байланыс станциялары іске қосылып, жоғары жылдамдықтағы интернетті пайдаланушылар саны артып келеді. Бұдан бөлек, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүздеген ауылға талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылып, цифрлық қызметтердің қолжетімділігі кеңейтілуде.
Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында облыс көлемінде бейнебақылау жүйесі кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатыр. Қазіргі қолданыстағы камералармен қатар мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде мыңдаған жаңа бейнебақылау құрылғылары мен интеллектуалды аппараттық-бағдарламалық кешендерді орнату жұмыстары басталған. Бұл жүйелер құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті тиімді бақылауға мүмкіндік береді.
Өңірде мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған бірқатар цифрлық жобалар да іске асырылуда. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарындағы интернеттің тұрақтылығын онлайн бақылау, жасанды интеллект негізінде әкімдік жұмысына қолдау көрсететін цифрлық көмекші енгізу, геоақпараттық жүйелер арқылы заңсыз құрылыс нысандарын анықтау және 109 бірыңғай байланыс орталығының қызметін толық цифрлық форматқа көшіру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Жиын барысында облыс әкімі байланыс операторлары көрсететін қызметтердің сапасы мен тұрғындарға ұсынылатын интернет пакеттерінің тиімділігін жан-жақты зерделеуді тапсырды. Сонымен қатар өңірде 5G технологиясын дамытуға арналған нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, цифрландыру мен жасанды интеллект бағытындағы барлық жобаларды бір жүйеге біріктіретін кешенді жол картасын дайындау міндеті қойылды.

