ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысында су ресурстарын тиімді басқару, суармалы егіншіліктің әлеуетін арттыру және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жобалар жүйелі түрде іске асырылып келеді. Су шаруашылығы нысандарын салу мен жаңғырту өңірдің аграрлық секторын дамытуға, егіншілік өнімділігін арттыруға және климаттық өзгерістерге бейімделген тұрақты су жүйесін қалыптастыруға негіз болуда.

Осы бағыттағы жұмыстардың барысымен танысу мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Бәйдібек ауданына жұмыс сапары барысында салынып жатқан «Бәйдібек ата» су қоймасына барып, құрылыс жұмыстарының орындалу барысын бақылады.

Өңір басшысы мердігер мекеме өкілдерімен және жауапты сала мамандарымен кездесіп, құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзіміне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар жобаны белгіленген кестеге сәйкес аяқтап, барлық техникалық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Жалпы құны 15,7 млрд теңгені құрайтын стратегиялық маңызы бар нысанның құрылысын «МК Технострой сервис» ЖШС жүзеге асыруда. Су қоймасы 680 гектар аумаққа орналасып, 67 миллион текше метр су жинауға қауқарлы болады.

Жоба аясында су қоймасы Бөген өзенінен келетін сумен толтырылады. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін канал жүйесі арқылы 9,7 мың гектар суармалы жер тұрақты ағын сумен қамтамасыз етіледі. Бұл ауыл шаруашылығы алқаптарының өнімділігін арттырып, егіс көлемін тұрақты сумен қамтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар су қоймасы көктемгі тасқын суларды реттеп, артық суды жинақтау арқылы су тасқыны қаупін азайтуға ықпал етеді. Жиналған су суару маусымында тиімді пайдаланылып, қажет болған жағдайда «Бөген» су қоймасының қорын толықтыруға бағытталады. Бұл өңірдегі су ресурстарын ұтымды басқаруға және су тапшылығының алдын алуға мүмкіндік беретін маңызды инфрақұрылымдық жоба саналады.

Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалар су қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына, өнім көлемінің артуына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің күшеюіне оң әсерін тигізуде. Су инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы негізгі басым бағыттардың бірі болып қала береді.