ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ДАМЫП, ГАЗДАНДЫРУ ҚАРҚЫНЫ АРТУДА

Түркістан облысында елді мекендерді заманауи инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Газдандыру жобаларын кезең-кезеңімен іске асыру өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына және инвестициялық тартымдылығының артуына оң ықпал етуде.

Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі Ордабасы ауданында жүзеге асырылды. Төрткүл ауылдық округіне қарасты Ақсары ауылына табиғи газ беріліп, жаңа газ желісінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, жауапты сала мамандары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Жоба облыстық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қыркүйек айында басталып, 2026 жылдың маусым айында толық аяқталды. Нәтижесінде ұзындығы 9,7 шақырым болатын газ құбыры тартылып, 50 тұрғын үй табиғи газ жүйесіне қосылды.

Аталған жоба ауыл тұрғындарын сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Табиғи газдың қолжетімді болуы тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттырып, қоршаған ортаға түсетін экологиялық жүктемені азайтуға және ауылдардың инвестициялық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Салтанатты шара барысында ауыл ақсақалы көгілдір отын алауын жағып, ақ батасын берді. Ауыл тұрғындары көптен күткен жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен азаматтарға алғыстарын білдіріп, бұл бастама елді мекеннің одан әрі дамуына серпін беретінін атап өтті.

Қазіргі таңда Ордабасы ауданындағы 57 елді мекеннің 45-і табиғи газбен қамтылған. Нәтижесінде ауданның газдандыру деңгейі 79 пайызға жетті. Алдағы уақытта да қалған елді мекендерді табиғи газ желісіне кезең-кезеңімен қосу жұмыстары жалғасып, ауданның инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылатын болады.