ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛДІ

Түркістан облысында инвестициялық саясатты тиімді жүзеге асыру, өңірге тартылған инвестиция көлемін ұлғайту және өндірістік жобалардың орындалу барысын бақылауға арналған инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Басқосуға облыс әкімі Нұралхан Көшеров жетекшілік етті.

Күн тәртібінде 2026 жылы жүзеге асырылатын оннан астам инвестициялық жобаның орындалу деңгейі қаралып, инвесторлар мен жауапты мекемелердің өкілдері атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Сонымен бірге жобаларды іске асыру барысында кездесіп отырған түйткілдер талқыланып, оларды жедел шешу бойынша нақты міндеттер белгіленді.

Жиында Түркістан қаласындағы «TURKISTAN» индустриалды аймағында салынып жатқан «Нұрқағаз Х» ЖШС-нің қағаз өндіру зауытының құрылысына ерекше назар аударылды. Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын іске қосылғаннан кейін екі кезең бойынша жылына 60 мың тоннаға дейін қағаз өнімін өндіреді. Бүгінде әкімшілік ғимараты, өндірістік қоймалар мен бақылау-өткізу пунктінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Негізгі жер және бетон жұмыстары толық аяқталып, металл құрылымдарын орнату кезеңі жалғасуда. Жалпы құрылыс жұмыстарының орындалу көрсеткіші 80 пайызға жеткен.

Сонымен қатар «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан бірқатар өндірістік нысандардың қазіргі ахуалы сараланды. Атап айтқанда, «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС қолға алған заманауи тоқыма фабрикасының құрылысы талқыланды. Құны 5,4 млрд теңгені құрайтын жоба іске қосылғаннан кейін жыл сайын 20–30 мың тонна мақта иірімжібін өндіруге мүмкіндік береді және 200 жаңа жұмыс орнын ашады. Қазіргі уақытта жобалық құжаттар әзірленіп, жатақхана ғимараттарының сыртқы құрылысы аяқталған. Өндірістік кешеннің іргетасы толық құйылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Штаб отырысында бұдан бөлек «Turkistan Lihua» ЖШС-нің тігін, тоқыма және бояу-әрлеу өндірістері, сондай-ақ Отырар ауданында бой көтеріп жатқан мақта өңдеу және мақта тұқымын шығаратын зауыттың іске асырылу барысы қаралды.

Сондай-ақ Жетісай ауданындағы «Altyn Kun Group» ЖШС мен Отырар ауданындағы «Lesso Drip» ЖШС жүзеге асырып жатқан тамшылатып суару жүйелерін шығаратын өндіріс орындарының құрылысы талқыланды. Бұдан өзге, Ордабасы ауданында салынып жатқан «Huating Biotechnology Co., LTD» ЖШС-нің ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіретін кәсіпорнының жүзеге асырылу кезеңдері пысықталды.