ТҮРКІСТАНДА ТУРИЗМ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢҒЫРТЫЛЫП, ЖАҢА ТУРИСТІК КЕҢІСТІКТЕР ҚАЛЫПТАСУДА

Түркістан облысында туризмді экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өңірдің тарихи-мәдени мұрасын тиімді пайдалану, туристерге қолайлы орта қалыптастыру және заманауи туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Осы жұмыстар аясында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласындағы жаңа туристік кеңістіктерді дамытуға бағытталған «KÖNE ARBAT» жобасымен танысты. Аталған бастама қаланың туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, қызмет көрсету саласының дамуына, кәсіпкерліктің кеңеюіне және жаңа жұмыс орындарының құрылуына мүмкіндік береді.

Жоба аясында тарихи қаланың келбетін сақтай отырып, тұрғындар мен қонақтардың жайлы демалуына арналған заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастыру көзделген. Осы мақсатта арбат аумағын кеңейту, коммерциялық нысандар орналастыру, демалыс террасаларын салу, автотұрақтар ұйымдастыру және аумақты кешенді абаттандыру жұмыстары жоспарланған.

Сонымен қатар жаңа туристік аймақта көрме залдары, кофеханалар, мәдени-танымдық экспозициялар, ашық қоғамдық алаңдар, шығармашылық шеберханалар мен түрлі мәдени іс-шаралар өткізуге арналған орындар қарастырылған. Бұл өз кезегінде Түркістанның мәдени өмірін жандандырып, туристер үшін тартымды әрі мазмұнды демалыс ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.

Жоба шеңберінде этномұражай салу мәселесі де ұсынылған. Аталған нысан тарихи мұра мен заманауи сәулет өнерін үйлестіретін ерекше мәдени кеңістік ретінде қарастырылуда. Сондай-ақ шығармашылық индустрияларды дамытуға бағытталған креативті орталық құру бастамасы ұсынылып отыр. Мұндай жобалар жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, жаңа идеяларды жүзеге асыруға және мәдени кәсіпкерлікті қолдауға мүмкіндік береді.

Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыруға бағытталған бұл бастамалар өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізіп, қызмет көрсету саласының көлемін ұлғайтуға, инвестиция тартуға және халықты жұмыспен қамту көрсеткіштерін жақсартуға жол ашады.