САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ИНДУСТРИЯЛЫҚ ДАМУ ҚАРҚЫН АЛЫП, ЖАҢА ӨНДІРІСТІК ЖОБАЛАР ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

Түркістан облысында өңір экономикасын әртараптандыру, инвестиция тарту және өнеркәсіптік өндірісті дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет басшысының өңірлердің өндірістік әлеуетін арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Сарыағаш ауданында да индустриялық даму көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетуде.

Ауданның экономикалық дамуына серпін беретін маңызды өндірістік алаңдардың бірі – Дарбаза ауылдық округінде орналасқан индустриялық аймақ. Бүгінде аталған аумақта инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және жаңа өндіріс орындарын іске қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл бастамалар ауданның өндірістік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін арттыруға мүмкіндік беруде.

Осы мақсаттағы жұмыстардың барысымен танысу үшін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев индустриялық аймақта болып, жаңадан салынып жатқан өндірістік нысандардың құрылыс қарқынын зерделеді. Жұмыс сапары барысында өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және инвестициялық жобаларды тиімді сүйемелдеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазіргі таңда индустриялық аймақта «Альбарака 077» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өсімдік майын өндіру бағытында табысты жұмыс жүргізіп келеді. Кәсіпорын жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және отандық өндірістің үлесін арттыруға өз үлесін қосуда. Сонымен қатар өндіріс орны жаңа жұмыс орындарын ашып, аудан тұрғындарының табысын арттыруға ықпал етуде.

Дарбаза индустриялық аймағын дамыту бағытындағы жұмыстар шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына, өндірістік кооперацияны кеңейтуге және инвестициялық белсенділікті арттыруға жол ашып отыр. Индустриялық алаңда жүзеге асырылатын жаңа жобалар өңдеу өнеркәсібінің үлесін ұлғайтып, аудан экономикасының тұрақты өсуіне негіз қалайды.