ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Түркістан облысында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Өңірде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, тұрғын үй құрылысы және инженерлік желілерді жаңғырту бағытында ауқымды жобалар қолға алынып, елді мекендердің даму деңгейін көтеруге ерекше көңіл бөлінуде.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте құрылыс саласының өзекті мәселелері қаралып, әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс қарқыны талқыланды. Жиында өңір басшысы барлық нысандардың сапалы әрі белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі басты талап екенін атап өтті.

Биыл Түркістан облысында 93 нысанның құрылысына бюджеттен 77,3 млрд теңге бөлініп, оның нәтижесінде жыл соңына дейін 58 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 7 нысан халық игілігіне тапсырылған.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында білім беру саласына ерекше басымдық берілуде. Облыс көлемінде 13 білім нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде тоғыз мектептің құрылысына 8,6 млрд теңге бөлініп, бүгінде Ордабасы ауданындағы үш мектеп пайдалануға берілді. Қалған алты білім ошағын жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау көзделген. Сонымен қатар Созақ ауданындағы колледж жатақханасы мен бірнеше аудандағы жаңа буын өкілдерін дамыту орталықтарының құрылысы жалғасуда.

Денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бағытында да маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Түркістан қаласында Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қоры қаржыландыратын 80 орындық перзентхананың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сарыағаш қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана мен Ордабасы ауданында 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы басталды. Бұл жобалар өңір тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мәдениет саласын дамыту жұмыстары да қарқынды жалғасуда. Биыл 13 мәдениет нысанының құрылысына 5,5 млрд теңге бөлінді. Жетісай ауданындағы мәдениет үйі мен кітапхана, сондай-ақ Кентау қаласының Қарнақ ауылындағы жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін бірнеше ауданда мәдениет үйлері, кітапханалар мен мұражайлар ашылады деп жоспарлануда.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында спорт инфрақұрылымын кеңейтуге де баса назар аударылуда. Облыста 10 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда Сауран ауданындағы спорт кешені пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы бес спорт нысаны іске қосылады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен салынып жатқан спорт залдары ауыл тұрғындарының спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасайды.