Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті қолдау және халықтың табысын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында өңірде бизнесті қолдаудың тиімді тетіктері іске асырылып келеді.
Бүгінде Түркістан облысы кәсіпкерлік субъектілерінің саны бойынша республикадағы жетекші өңірлердің қатарында. Өңірде 200 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш Түркістан облысының іскерлік белсенділігінің жоғары екенін және кәсіпкерлік саласының өңір экономикасындағы маңызды рөлін айқындайды.
Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде өңірде жаңа өндірістер ашылып, инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда жалпы құны 58,5 миллиард теңгені құрайтын жүздеген кәсіпкерлік жоба сүйемелденіп, олардың кезең-кезеңімен іске қосылуы қамтамасыз етілуде. Бұл жобалар толық жүзеге асқан жағдайда мыңдаған жаңа жұмыс орны құрылып, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері бірқатар өндірістік жобалар пайдалануға беріліп, өңір экономикасына қомақты инвестициялар тартылды. Іске қосылған кәсіпорындар сабын және пластик бұйымдарын өндіру, балық өңдеу, жиһаз жасау, құрылыс материалдарын шығару, мақта өңдеу және медицина салалары бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл өз кезегінде өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттырып, жергілікті өндірістің дамуына серпін беруде.
Өңірде кәсіпкерлерді қаржылай қолдау бағытында да нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Арнайы бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиелер беріліп, жаңа өндірістік жобаларды іске асыруға жағдай жасалуда. Бұл шаралар кәсіпкерлердің өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған жобалар қаржыландырылып, қымыз өндіру, табиғи шырын шығару, балық өңдеу, аяқ киім тігу және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағыттарындағы кәсіпорындар іске қосылуда. Бұл ауыл экономикасының дамуына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына оң әсерін тигізіп отыр.
Түркістан облысында өндірістік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуда. Өңірде құрылған өндірістік парктер мен шағын өнеркәсіптік алаңдар инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін қолайлы орта қалыптастыруда. Бүгінде ондаған өндірістік ғимарат пайдалануға беріліп, жаңа жобаларды орналастыруға мүмкіндік жасалған.
Өндірістік парктерде құрылыс материалдарын шығару, жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі, тамақ өндірісі және жиһаз жасау бағытындағы жобалар жүзеге асырылуда. Алдағы кезеңде ақылды есептегіш құрылғылар, күн панельдерінің бөлшектері, пластикалық құбырлар, тұрмыстық химия өнімдері мен құрылыс материалдарын өндіретін жаңа кәсіпорындарды іске қосу жоспарланған.
Кәсіпкерлікті қолдау және өндірістік жобаларды дамыту өңір экономикасының тұрақты өсуіне негіз қалыптастырып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар инвестициялық белсенділікті арттыруға, өндіріс көлемін ұлғайтуға, импортты алмастыруға және экспорттық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік береді.

