Түркістан облысында өңір экономикасын әртараптандыру, агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және экспорттық әлеуетті күшейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы ретте Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегацияның гүл шаруашылығы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған кездесулері ерекше маңызға ие болды.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Қытайдың гүл өсіру саласындағы жетекші өңірі саналатын Юньнань провинциясында Куньмин гүл индустриясы сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Лю Цзюньфэнмен кездесті. Келіссөздер барысында гүл шаруашылығы, инвестиция тарту, логистикалық инфрақұрылымды дамыту және экспорттық нарықтарды кеңейту мәселелері талқыланды.
Бүгінде Куньмин қаласы әлемдік гүл индустриясының маңызды орталықтарының бірі болып саналады. Қытайда өндірілетін гүл өнімдерінің басым бөлігі осы өңірде өсіріліп, халықаралық нарықтарға экспортталады. Мұнда Азиядағы ең ірі гүл саудасы биржасы орналасқан. Сондықтан Қытайдың осы саладағы тәжірибесін зерделеу Түркістан облысының агроөнеркәсіптік секторын дамыту үшін маңызды қадам болып табылады.
Кездесу барысында Түркістан облысының гүл шаруашылығын дамытуға қажетті барлық алғышарттарға ие екендігі атап өтілді. Өңірдің қолайлы климаты, географиялық орналасуы, көлік-логистикалық мүмкіндіктері және еңбек ресурстары гүл өндірісі мен экспортын дамытуға кең мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан өңірінің Орталық Азиядағы гүл өндірісі мен логистикасының ірі орталығына айналу мүмкіндігі жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік, сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастық жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жол ашып отыр.
Түркістан облысы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша республикадағы жетекші өңірлердің бірі болып табылады. Әсіресе жылыжай шаруашылығы саласында облыстың үлесі ерекше. Қазіргі таңда өңірдегі жылыжайлардың жалпы аумағы 1007 гектарды құрап, Қазақстандағы барлық жылыжайлардың 72 пайызын қамтиды. Бұл көрсеткіш Түркістанның ауыл шаруашылығы өндірісіндегі стратегиялық рөлін айқындайды.
Өңірде дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерімен қатар жоғары табысты дақылдар да өсірілуде. Соңғы жылдары банан, лимон, құлпынай және сәндік өсімдіктер өндірісі қарқынды дамып келеді. Сонымен бірге заманауи голландиялық технологияларды енгізу арқылы раушан гүлдерін өсіру көлемі артып, гүл шаруашылығының өндірістік әлеуеті күшейіп келеді.
Қытай тарапының қатысуымен Түркістан облысында гүл өндірісі мен логистикасына арналған арнайы хаб құру мәселесі де қарастырылды. Мұндай орталықтың іске қосылуы гүл өнімдерін сақтау, сұрыптау, тасымалдау және экспорттау процестерін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бастама өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және инвестиция көлемінің ұлғаюына оң әсер етеді.

