Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген тапсырмаларға сәйкес, елімізде білім беру сапасын арттыру және заманауи, қауіпсіз мектептер салу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы міндеттер аясында Түркістан облысында, соның ішінде Түркістан қаласында білім инфрақұрылымын дамыту қарқынды жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеров қолдауымен жүзеге асуда. Соңғы жылдары қалада білім беру нысандарын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді. 2025 жылы 4 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 7 білім ордасында ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар «Келешек мектептері» жобасы аясында 1200 және 2000 орындық жаңа мектептер пайдалануға берілді. Нәтижесінде үш ауысымды оқу мәселесі толық шешіліп, оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасы қалыптасты. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту да басты назарда. Қаладағы 38 мемлекеттік мектеп толықтай интернет желісіне қосылып, барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген. Оқушыларды сапалы білім ресурстарымен қамту мақсатында 124 мыңнан астам оқулық таратылып, 17 мыңнан астам бала ыстық тамақпен қамтылған. Білім сапасының көрсеткіштері де айтарлықтай жақсарған. Соңғы оқу жылында 178 оқушы «Алтын белгі» иегері атанып, 250 түлек «Үздік аттестат» алды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан түлектердің жартысынан астамы мемлекеттік грант жеңіп алуы – білім сапасының нақты көрсеткіші. Сонымен қатар оқушылардың ғылыми-зияткерлік әлеуетін дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Облыстық және республикалық пәндік олимпиадаларда жүлделі орын алған оқушылар саны артып келеді. Жас ұрпақтың рухани-танымдық дамуына басымдық беру мақсатында биылдан бастап мектептерде «Яссауитану» пәнінің енгізілуі – маңызды бастамалардың бірі. Бүгінде Түркістан қаласында 249 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 86 мектеп, 152 мектепке дейінгі ұйым және 6 қосымша білім беру мекемесі бар. Жалпы 60 мыңға жуық оқушы білім алып, 17 мыңнан астам бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Салада 5 мыңнан астам педагог еңбек етуде. Жалпы алғанда, білім беру саласын жүйелі дамыту – өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсімінің негізгі факторларының бірі. Заманауи инфрақұрылым, сапалы білім және білікті кадрлар – Түркістанның тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға берік негіз қалыптастырып отыр.
