ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ӨСУІНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ САЛАСЫНЫҢ ҮЛЕСІ АРТАДЫ

Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі – ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту. Осыған орай, облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте өңірдегі ветеринария саласының жай-күйі жан-жақты сараланып, алдағы міндеттер айқындалды. Жиында аймақ басшысы ветеринария саласының ауыл шаруашылығының дамуына, сондай-ақ өңірдің экспорттық әлеуетіне тікелей әсер ететін стратегиялық маңызын атап өтті. Осыған байланысты жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне жоспарланған жұмыстарды жүйелі әрі сапалы атқару, көтерілген мәселелерді жедел шешу міндеттелді. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербұлан Жәнібеков 2026 жылға арналған негізгі жоспарлар мен өзекті мәселелер туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл өңірде аса қауіпті бес түрлі жұқпалы ауруға қарсы 16,6 млн доза вакцина егу көзделген. Қазіргі таңда оның 9 млн дозасы аудан-қалаларға жеткізіліп, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы жануарларының денсаулығын сақтауға және өнім сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, мал шаруашылығын цифрландыру және есепке алу жүйесін жетілдіру мақсатында ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары күшейтілуде. Ірі қара, ұсақ мал және түйелерге арналған құлақ жапсырмаларын сатып алуға қажетті қаржы қарастырылып, қор қалыптастырылған. Өңірдегі санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында құтыру ауруының алдын алу шаралары да жүйелі түрде іске асырылуда. Атап айтқанда, 30 мыңнан астам бұралқы жануарды аулау, оларды уақытша ұстау, вакцинациялау және зарарсыздандыру жұмыстары жоспарланған. Бұл ретте заңнамаға сәйкес, қаңғыбас жануарлар санын реттеу құзыреті жергілікті атқарушы органдарға беріліп, тиісті қаржыландыру қарастырылған. Энзоотиялық аурулардың алдын алу мақсатында ауқымды дезинфекциялық жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Атап айтқанда, 3,2 млн бас ірі қараны бүрку, 9,9 млн бас ұсақ малды тоғыту, сондай-ақ мал қоралары мен суаттарды залалсыздандыру көзделген. Бұл жұмыстарға 1500-ден астам маман мен арнайы техника жұмылдырылады. Инфрақұрылымды дамыту да басты назарда. Биыл облыста 5 ветеринариялық станция, 108 ветеринариялық бекет және 21 мал өлексесін залалсыздандыру орнының құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда нысандардың басым бөлігі бойынша жер телімдері бөлініп, құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін қосымша беккери шұңқырлары мен мал тоғыту алаңдарын іске қосу көзделіп отыр. Мәжіліс қорытындысында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру және өңірдің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар, идеология саласы мен орындаушылық тәртіп мәселелері де қаралып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.