ӨҢІРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ МЕН ХАЛЫҚТЫҢ ӨМІР САПАСЫН АРТТЫРУ БАСТЫ НАЗАРДА

Түркістан облысында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту мен денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бұл шаралар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңін айқындап, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар болып отыр.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл нысан өңір тұрғындарына жоғары сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, облыс орталығында Біріккен Араб Әмірлігінің “Абу-Даби” қорының демеушілігімен 80 орындық заманауи перзентхана салынуда. Медициналық мекемені келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Сондай-ақ, облыстың басқа да аудан, ауылдарында жаңа нысандар бой көтеруде. Сарыағаш ауданында перинаталды орталығы бар көпбейінді аурухана, Мақтаарал ауданындағы Атакент кентінде 210 орындық аудандық аурухана, Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында 200 орындық перинаталдық орталық салу жобалары дайындалған. Ал Сауран ауданының Шорнақ ауылында 500 келушіге арналған емхана құрылысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылуда.

Өткен жылы облыс көлемінде 55 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны салынды. Оның ішінде “Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Бұған қоса, Сарыағаш, Қазығұрт, Сауран аудандарында дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік акушерлік пункттер салынды.

2025 жылы дайын ғимараттарды сатып алу тәжірибесін пайдалана отырып, 32 жаңа медициналық нысанның құрылысы қолға алынуда. Сонымен қатар, облыстың бірнеше аудандық ауруханаларында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылы Ордабасы аудандық ауруханасы, 2023 жылы Жетісай аудандық орталық ауруханасы, 2024 жылы Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы толық жаңартудан өтті.

Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар қарқын алған. Шардара ауданындағы “Қазақстан” ауруханасы, Қазығұрт ауданындағы “Қаратас” ауылдық емханасы жөндеуден өтті. Ал Сайрам аудандық орталық ауруханасы мен Кентау қалалық ауруханасында күрделі жөндеу жалғасуда. Жыл соңына дейін бірнеше ауылдық медициналық пункттер де жаңарып, халық игілігіне тапсырылмақ.

2026–2029 жылдар аралығында облыс көлемінде 6 ірі медициналық жоба іске асырылмақ. Бұл – өңірдің денсаулық сақтау инфрақұрылымын түбегейлі жаңартуға бағытталған маңызды бастама.

Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы тек өндіріс пен инфрақұрылым салаларында ғана емес, адам капиталына, яғни халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына тікелей бағытталған. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің айтуынша, әлеуметтік нысандар құрылысы мен медициналық инфрақұрылымның дамуы — аймақтың тұрақты өсімінің негізгі факторы болып табылады.

Бүгінде Түркістан өңірі тек мәдени және рухани орталық қана емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық жаңғырудың үлгісіне айналып келеді. Заманауи ауруханалар мен перзентханалардың бой көтеруі – өңір тұрғындарына көрсетілетін қамқорлықтың, мемлекет тарапынан жасалып жатқан нақты қолдаудың айғағы.