Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік жаңа инвестициялық деңгейге көтерілді. Қытайдың Бейжің қаласында өткен Қазақстан–Қытай іскерлік кеңесінің отырысы аясында Түркістан облысында қуаттылығы 300 мегаватт болатын ірі күн электр станциясын салу туралы келісімге қол қойылды. Бұл – еліміздегі ең ауқымды және экономикалық маңызы жоғары энергетикалық жобалардың бірі болмақ.
Жоба құны шамамен 320 миллион АҚШ долларын құрайды. Күн электр станциясы Түркістан облысының Сауран ауданында салынып, 2025–2026 жылдары пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Бұл келісімге Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен China Energy Engineering Group (Energy China) компаниясы қол қойды. Құжатқа қол қою салтанаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті. Президенттің қатысуы жобаның стратегиялық және саяси маңызын айқындай түседі.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңде Energy China компаниясының бас директоры Ни Чжэнмен кездесу өткізіп, екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, соның ішінде энергетика инфрақұрылымын жаңғырту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, қалдықтарды қайта өңдеу арқылы электр өндіру және заманауи дата-орталық салу жобаларын талқылады.
Energy China компаниясы Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін жалғайтын тұрақты электр желілерінің құрылысын жүргізуге, сондай-ақ жасыл энергетика саласындағы жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты.
Энергетика министрі Ерлан Әккенжанов бұл жоба Қазақстанның оңтүстігіндегі энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және елдің көміртегі бейтараптығына жету мақсатына зор үлес қосатынын атап өтті.
– Түркістан облысында салынатын жаңа күн электр станциясы еліміздің энергия теңгерімін әртараптандыруға мүмкіндік береді. Бұл – Қазақстанның “жасыл экономикаға” көшу жолындағы маңызды қадам, – деді министр.
Айта кетейік, China Energy Engineering Group – әлемнің ең ірі энергетикалық корпорацияларының бірі. Компания Fortune Global 500 тізіміне кіреді және жел, күн, жылу және гидроэнергетика, ядролық энергетика бағыттарында табысты жобалар жүзеге асырып келеді.
Түркістан облысында жүзеге асырылатын бұл жоба – тек энергетикалық емес, инвестициялық және экономикалық серпіліс әкелетін бастама. Күн электр станциясы іске қосылған соң өңірдің инфрақұрылымдық дамуына, индустриялық аймақтардың тұрақты энергиямен қамтылуына және инвестициялық тартымдылығының артуына ықпал етпек.
Осылайша, Қазақстан мен Қытай арасындағы бұл жаңа энергетикалық серіктестік Түркістан облысын жасыл энергияның аймақтық орталығына айналдырып, еліміздің тұрақты даму мен экологиялық қауіпсіздік стратегиясына нақты үлес қосады.
