ШЫМКЕНТТІҢ ДАМУЫ ЖОЛЫНДА: ҚАУІПСІЗ ЖӘНЕ ЖАЙЛЫ ҚАЛАЛЫҚ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Шымкент соңғы жылдары қарқынды дамып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Қала инфрақұрылымын жаңарту, жаңа демалыс аймақтарын салу, жасыл желекті көбейту – мегаполистің даму стратегиясының маңызды бөлігі. Осы бағытта қала аумағында бірнеше қоғамдық кеңістік пен көгалдандыру жобалары жүзеге асырылуда. Мәселен, Шымкент Сити шағынауданында демеушілік қаражат есебінен 17 240 шаршы метр аумақта жаңа қоғамдық кеңістік салынуда. Бұл жерде абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп, ағаштар мен сәндік өсімдіктер отырғызу жоспарланған. Жаңа демалыс орны тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы уақыт өткізуіне мүмкіндік береді. Қаланы көгалдандыру ісінде Асар шағынауданындағы көпжылдық гүл өсірілетін жылыжайдың рөлі ерекше. Мұнда өсімдіктерді күтіп-баптау, көшет өсіру және агротехнологияларды қолдану жұмыстары жолға қойылған. Көпжылдық гүлдерді алдын ала дайындау – шығындарды азайтып, қаланың негізгі көшелері мен саябақтарын сапалы отырғызу материалымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Әл-Фараби ауданының Быковский көшесінде жалпы аумағы 1 050 шаршы метрді құрайтын жаңа қоғамдық кеңістік құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында жаяу жүргінші жолдары, автотұрақ, жарықтандыру жүйесі және жасыл желек отырғызу қарастырылған. Мұндай шағын демалыс орындары тұрғындардың өмір сапасын жақсартып, қалалық инфрақұрылымды толықтырады. Қала аудандарында балалар алаңдарын салу, демалыс аймақтарын кеңейту және демеушілер есебінен абаттандыру жұмыстары да жалғасып келеді. Теріскей шағынауданында жаңадан алаң салынса, Қаратау ауданында да жаңа қоғамдық кеңістік абаттандырылуда. Бұл жобалардың барлығы – Шымкентті қауіпсіз, жасыл, заманауи қала ретінде дамытуға бағытталған нақты қадамдар. Қоғамдық кеңістіктердің көбеюі, көгалдандыру сапасының артуы және жаңа демалыс аймақтарының құрылуы – мегаполис тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал ететін маңызды жұмыстар. Шымкенттің дамуы – тек құрылыс емес. Бұл – қала мәдениетін қалыптастыру, тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыру және келешек ұрпаққа көрікті, экологиялық таза қала қалдыру мақсаты. Жүйелі атқарылып жатқан жұмыстар мегаполистің келбетін жаңартып, оны өмір сүруге әрі жұмыс істеуге қолайлы қалаға айналдырып келеді.