Түркістан облысының Шардара ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында тағы бір маңызды жоба іске асты. Көксу ауылдық округіне қарасты Баспанды елді мекенінде балаларға арналған заманауи ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Жоба «Азиялық Газ құбыры» ЖШС-нің демеушілігімен, ал құрылыс жұмыстары «Рахым-Сауап» қоғамдық бірлестігі арқылы жүзеге асқан. Бұл бастама – өңірдегі әлеуметтік жауапкершіліктің, бизнес пен қоғамның ынтымақтастығының нақты көрінісі. Алаңшаның ашылу салтанатына Көксу ауылдық округінің әкімі Бақтыбай Қошқарбаев, «Шымкент» газ тасымалдау басқармасының директоры Асхат Бадырақов, ауыл биі Бердіқұл Сарбасов, «Рахым-Сауап» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Зәуре Ешбаева, ауыл тұрғындары мен сала өкілдері қатысты. Округ әкімі Бақтыбай Қошқарбаев өз сөзінде бұл нысанның ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және ауылдық инфрақұрылымды жандандыруға жол ашатынын атап өтті. Алаңшаның ашылу лентасын Асхат Бадырақов пен Бердіқұл Сарбасов қиып, ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтады.Бұл жоба – инвестициялық әртараптандырудың және жеке сектордың әлеуметтік белсенділігінің нақты үлгісі. «Азиялық Газ құбыры» ЖШС-нің өңірдегі осындай жобаларға демеушілік етуі – кәсіпорындардың корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай бастамалар жергілікті инфрақұрылымды дамытуға ғана емес, әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың өмір сапасын жақсартуға да зор ықпал етеді. Соңғы жылдары Түркістан облысында мемлекеттік қолдау мен бизнес қауымдастығының ынтымақтастығы нәтижесінде аудандық және ауылдық деңгейде әлеуметтік маңызы бар 70-тен астам жоба жүзеге асқан.Шардара ауданының әлеуметтік келбеті соңғы жылдары айтарлықтай өзгерді. Тұрғындарға арналған жаңа жолдар, су және жарық желілері, білім және спорт нысандары, енді міне, балалар ойын алаңшалары – инвестиция тарту мен экономиканы әртараптандырудың нәтижесі. Өңірде жүзеге асқан әрбір жоба тек құрылыс нысаны емес, ол – жергілікті экономикаға жаңа серпін, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудың нақты механизмі. Бұл – жергілікті билік, бизнес құрылымдар және азаматтық қоғам арасындағы серіктестіктің жаңа деңгейі. Мұндай ынтымақтас әрекеттер өңірдің әлеуметтік капиталын күшейтіп, қоғамның бірлігі мен даму әлеуетін арттырады.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
