Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында өңірдің әлеуметтік дамуына қатысты өзекті мәселелер қаралды. Күн тәртібінде білім, мәдениет, спорт және тұрғын үй салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері мен алдағы жоспарлар талқыланды.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серғазы Қалдыбаев жылыту маусымына дайындық барысы жайлы баяндады. Бүгінде 127 білім беру нысанының қысқы паспорттары алынған. Сонымен қатар, 54 денсаулық сақтау ұйымы, 16 мәдениет мекемесі және 4 спорт мектебі жылыту жүйесін толық жаңартып, қысқы маусымға толықтай әзірленген. Бұл – тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және маңызды әлеуметтік инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі қадам.
Жиын барысында тұрғын үй саласындағы тәртіп пен жауапкершілік мәселесі де назардан тыс қалмады. Ленгер қаласындағы жалдамалы пәтерлерге қатысты берешектерді өтеу жұмыстары жүргізілуде. Қарыз көлемі 85 млн теңгеден асқанымен, бүгінде 30 млн теңгеден астам қаражат өндірілген. Аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы бұл мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырды.
– Мемлекеттен берілген тұрғын үй – әлеуметтік қолдаудың нақты көрінісі. Әр азамат өз жауапкершілігін түсініп, төлем міндеттемесін уақытылы орындауы тиіс. Бұл – тәртіп пен әділдіктің бастауы, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, жиында күзгі ағаш отырғызу маусымына дайындық мәселесі де талқыланды. Бұл бағыттағы шаралар экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен өңірдің экожүйесін жақсартуға бағытталған.
Қорытындысында аудан әкімі барлық сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, әлеуметтік даму көрсеткіштерін жақсарту мен тұрғындар игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстардың сапалы орындалуын талап етті.
