ТҮРКІСТАНДАҒЫ КӘСІПКЕРЛІК СЕРПІН: МЕМЛЕКЕТ ПЕН БИЗНЕСТІҢ ОРТАҚ МАҚСАТЫ

Түркістан облысында кәсіпкерлік саласы жаңа серпін алып келеді. Бұл бағыттағы басты басымдық – бизнесті қаржыландыруды жеңілдетіп, өңір экономикасын әртараптандыру. Осы мақсатта облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының төрағасы Фархат Сарсекеевтің кездесуі өтті.

Кездесу барысында облыстағы шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлерге арналған жеңілдетілген бағдарламаларды тиімді іске асыру, сондай-ақ жаңа жобаларға қосымша қаржы тарту бағыттары талқыланды.

Әкімнің айтуынша, Түркістан – рухани ғана емес, экономикалық орталыққа айналуы тиіс аймақ.

– «Біз бизнеске барынша ашық, тиімді және қолайлы жағдай жасауымыз керек. Кәсіпкерліктің дамуы – халықтың әл-ауқаты мен жұмыс орындарының артуының басты кепілі», – деді Нұралхан Көшеров.

Қазіргі таңда өңірде 216 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Өткен жылы кәсіпкерлерге 60,3 млрд теңге жеңілдетілген несие беріліп, тағы 60,6 млрд теңге кепілдендірілген.

2025 жылдың жеті айының өзінде 22,8 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Облыстық және республикалық бюджеттерден шағын бизнеске қолдау көрсету үшін 16,6 млрд теңге бағытталды.

Елімізде биыл іске қосылған «Өрлеу» бағдарламасы өңір кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндікке айналды. Бағдарлама арқылы өндіріс, туризм, көлік, білім және медицина салаларындағы жобаларға қолдау көрсетілуде. Бағдарлама аясында Түркістан облысы 8,5 млрд теңгенің 14 жобасын мақұлдап үлгерді.

Бұл көрсеткіш өңірдің кәсіпкерлік белсенділігінің артқанын дәлелдейді. Жаңа жобалар іске қосылып, өндіріс орындары ашылуда, жергілікті халық үшін тұрақты жұмыс орындары құрылуда.

Түркістан облысы бүгінде тек мәдени мұраларымен емес, бизнес пен инвестицияға ашық көзқарасымен ерекшеленеді. Мемлекет пен жеке сектор арасындағы осындай өзара ынтымақтастықтың арқасында өңір экономикасының болашағы сенімді бағытта қалыптасып келеді.