ТҮРКІСТАНДА ҚАЛАЛЫҚ БЮДЖЕТ ЖОБАСЫ МЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан қалалық мәслихатының «Әкімшілік аумақтық орналастыру, құрылыс және коммуналдық қызмет көрсету салаларын, депутаттық өкілдік және этика, ұйымдық-құқықтық қызметті қамтамасыз ету жөніндегі» тұрақты комиссиясының кезекті отырысы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған маңызды мәселелерді қарауға арналды. Мәжіліс залында өткен жиынға қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сарсенбаев, қала әкімінің орынбасарлары Әбілсейіт Рабаев пен Аманжол Бекбол, сондай-ақ қалалық мәслихат депутаттары мен тиісті бөлім басшылары қатысты. Отырысқа Мәди Аманжол жетекшілік етті.

Күн тәртібінің басты мәселесі – 2025 жылғы қалалық бюджеттің игерілу қорытындылары мен 2026-2028 жылдарға арналған бюджет жобасын талдау болды. Қала әкімінің орынбасары Аманжол Бекбол бюджет жоспарының құрылымын, қаржының негізгі бағыттарын және коммуналдық, құрылыс, тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй инспекциясы бөлімдерінде қарастырылатын жобаларды баяндады.

Бюджет талқылауы тек қаржылық көрсеткіштермен шектелмей, қаланың инфрақұрылымын дамыту, экономикалық өсімді ынталандыру және халық игілігіне бағытталған жобаларды іске асыру мәселелерін қамтыды. Коммуналдық шаруашылыққа бөлінетін қаржы қаланың инженерлік желілерін жаңғырту, орталықтандырылған су мен кәріз жүйелерін кеңейту, жолдар мен қоғамдық нысандарды абаттандыруға бағытталатыны атап өтілді. Құрылыс бөлімі бойынша бюджет тұрғын үй құрылысына, өндірістік және әлеуметтік нысандарды салуға, сондай-ақ инфрақұрылымды жаңғырту жобаларын қаржыландыруға жұмсалады.

Отырыс барысында тұрақты комиссия отырыстарының хаттамаларында көрсетілген ұсыныстардың орындалу барысы да қаралды. Бұл шаралар бюджетті тиімді игеру, қаржының ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету, сондай-ақ инвестициялық жобаларды кезең-кезеңімен іске асыруға мүмкіндік береді.

Қалалық мәслихат және атқарушы билік өкілдерінің бірлескен талқылауы нәтижесінде экономикалық дамуға бағытталған нақты тапсырмалар белгіленді. Бюджет жобасы арқылы Түркістан қаласында инфрақұрылымдық дамуды жеделдету, кәсіпкерлік пен инвестициялық әлеуетті арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру және тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мақсаттары жүзеге асырылатын болады.

Мәслихаттың тұрақты комиссияларының жұмысы қаланың тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етуге, қаржыны тиімді игеруге және Түркістанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың маңызды буыны болып отыр.