Түркістан облысында тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және қаланың заманауи келбетін қалыптастыру бағытындағы жобалар жүйелі түрде жүзеге асуда. Түркі әлемінің рухани орталығына айналған Түркістан бүгінде инновациялық әрі қолайлы өмір сүру қаласына айналып келеді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен, облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев қаладағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, жұмыстардың барысын қадағалады.
Қала тұрғындары мен қонақтары үшін барынша ыңғайлы жағдай жасау мақсатында «Ақылды аялдама» жобасы қолға алынды. Бұл бастама жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған. Аялдамалар заманауи форматта салынып, қоғамдық көліктердің келу уақыты көрсетілетін электронды жүйемен жабдықталады.
Сонымен қатар, «Көшелерді ақылды жарықтандыру» жобасы аясында қаланың негізгі көшелеріне автоматтандырылған жарық жүйесі енгізілуде. Мұндай бастамалар экологиялық және экономикалық тиімділікті арттырумен қатар, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жарық орта қалыптастырады.
Түркістандағы 5 мың адамдық жаңа мешіттің құрылысы да ерекше назарда. Бұл нысан өңірдің рухани және мәдени өмірінде маңызды рөл атқарып, қала тұрғындары мен қонақтарының бас қосатын киелі орнына айналмақ.
Мешіттің сәулеттік шешімі ұлттық нақыш пен түркі өркениетінің элементтерін қамтиды. Нысан пайдалануға берілген соң, қаладағы мәдени және рухани өмірдің жаңа тынысы ашылады деп күтілуде.
Қазіргі таңда Түркістанда әлеуметтік нысандардың құрылысы, жаңа демалыс аймақтары мен спорт алаңдарын дамыту жұмыстары жалғасуда. Мұның барлығы тұрғындардың өмір сапасын арттырып, қаланы жайлы әрі заманауи етуге бағытталған.
Түркістан – тек тарихи қала емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер мен өркениетті өмірдің орталығына айналып келеді.
