ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ҚҰРАЛЫНА АЙНАЛУДА

Бүгінгі таңда Түркістан қаласында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, тұрмыс сапасын арттыру және әлеуметтік теңгерімді қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2025 жылдың басынан бері 12 айдың қорытындысымен қала аумағында 1 381 отбасыға, яғни 8 745 азаматқа мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды. Бұл көрсеткіш әлеуметтік саясаттың нақты нәтижесін және мемлекет қолдауының тиімділігін айқындайды.

Атаулы әлеуметтік көмек – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларды қолдауға бағытталған маңызды әлеуметтік тетік. Түркістан қаласында бұл көмек түрін тағайындау рәсімі ашық әрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Мемлекеттік қолдауға мұқтаж азаматтар тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, белгіленген үлгідегі өтініш тапсырады.

Өтініштер алдымен Мансап орталығына жолданып, бір жұмыс күні ішінде азаматтың нақты әлеуметтік жағдайын анықтау үшін учаскелік комиссияға жіберіледі. Учаскелік комиссия жеті жұмыс күні ішінде өтініш иесінің тұрмыс деңгейін зерделеп, мұқтаж немесе мұқтаж еместігі жөнінде шешім қабылдайды. Қорытынды акт FSM Social ақпараттық жүйесі арқылы Мансап орталығына жолданады.

Одан кейін Мансап орталығы үш жұмыс күні ішінде алдын ала шешім жобасын әзірлеп, оны Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне ұсынады. Ал бөлім өз кезегінде үш жұмыс күні ішінде атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы түпкілікті шешім қабылдайды. Бұл рәсімдер әлеуметтік көмектің әділ әрі мақсатты түрде көрсетілуін қамтамасыз етеді.

Атаулы әлеуметтік көмекпен қатар, еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту, кәсіби оқыту және тұрақты табыс көзіне бағыттау шаралары да қатар жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде әлеуметтік тәуелділікті азайтып, қала тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, Түркістан қаласында атаулы әлеуметтік көмекті тиімді ұйымдастыру әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған кешенді қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасын тауып, қаланың орнықты дамуына серпін бермек.