ТҮРКІСТАН: СПОРТ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ӨҢІРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРУДЕ

Түркістан облысы соңғы жылдары әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Соның айқын дәлелі – спорт саласына жасалып отырған ауқымды инвестициялар мен бұқаралық спорттың дамуы. 2025 жылдың 10 айында облыс аумағында 66 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Бұл – өңірдегі халықтың спортпен айналысуына қолайлы жағдай туғызып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен серпін беріп отырған көрсеткіш. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасымен спорт инфрақұрылымын дамыту үш жылдық кешенді жоспар аясында жүзеге асырылуда. Көшеров мәжілісте атап өткендей, спорт нысандарының құрылысы тек мемлекеттік қаржыландыру есебінен емес, жеке инвесторлар мен демеушілерді тарту арқылы да іске асырылуы тиіс. Бұл тәсіл өңір экономикасын әртараптандыру мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған. «Жасөспірімдер арасында теріс әдеттердің алдын алу үшін спорттың рөлі зор. Сондықтан бұқаралық спортты дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Бұл бағытта мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмдерін тиімді пайдалану қажет», – деді облыс басшысы. Қазіргі таңда Түркістан облысында 3540 спорт нысаны бар. Оның 86 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан, бұл ауыл халқының да спортқа қолжетімділігін арттырып отыр. 1000 тұрғынға шаққанда спорт инфрақұрылымының қамту көрсеткіші 43,5 пайызды құрайды. Биыл облыс бойынша 112 спорт нысанының құрылысы қолға алынған, олардың 102-сі биыл пайдалануға берілуі тиіс. Қазіргі таңда 66 нысан ел игілігіне берілсе, қалғандары келесі жылы аяқталады. Сонымен қатар, 1 млрд теңге бюджет қаржысына 16 спорт ғимараты жөндеуден өтті. Бұл жобалар тек спорт саласын дамыту ғана емес, жергілікті экономиканы жандандыру мен жаңа жұмыс орындарын ашуға да зор үлес қосуда. Әсіресе, құрылыс, сервис және қызмет көрсету секторларына мультипликативті әсері жоғары. Спорт саласына бағытталған қаржы – әлеуметтік инвестицияның ең тиімді түрі. Түркістан облысы бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар мен жеке капиталды тиімді үйлестіріп отыр. Мысалы, өңірдегі бірқатар спорт кешендері мен алаңдар жергілікті кәсіпкерлердің қаржысына салынып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) аясында жүзеге асуда. Бұл тәсіл аймақ экономикасының әртараптануына ықпал етуде, Құрылыс пен қызмет көрсету саласында жергілікті кәсіпкерлердің үлесі артып, инвестиция көлемі ұлғайды, Спорттық туризм мен инфрақұрылым дамып, ішкі нарықта жаңа қызмет түрлері пайда болды. Халықтың денсаулығы мен белсенділігі артып, еңбек өнімділігі мен өмір сапасы жақсарды. Бүгінде облыста 911 мыңнан астам тұрғын спортпен тұрақты айналысады, бұл халықтың 42,4 пайызы. Ал балалар мен жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш 264 мың бала немесе 32,9 пайыз. Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 167 өнім беруші тегін үйірмелер арқылы 24 480 баланы қамтып отыр. Спортты көпшілікке қолжетімді ету мақсатында Түркістан қаласындағы ірі спорт нысандарында тегін жаттығу сағаттары енгізілген, оған ай сайын мыңға жуық тұрғын қатысады. Жыл басынан бері облыс аумағында 3200-ден астам спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 273 мыңнан астам адам тартылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 30,5 пайызға өскен. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде өңір спортшылары 2025 жылдың 9 айында Әлем, Азия және Қазақстан чемпионаттары мен кубоктарында 1248 медаль иеленді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 21 пайызға жоғары.