ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА СПОРТ НЫСАНЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуы соңғы жылдары жаңа қарқын алып келеді. Елді мекендердің көркеюі мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында өңірде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның жарқын дәлелі – Созақ ауданы, Қозмолдақ ауылында ашылған жабық үлгідегі кіші футбол алаңы. Бұл – ауыл жастары мен балалар үшін көптен күткен қуанышты жаңалық. Заманауи талаптарға сай салынған спорт нысаны ауылдың әлеуметтік келбетін айшықтап, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтап, бұл игілікті істің өңірдің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті: «Біз үшін ең бастысы – балалардың қуанышы, жастардың жетістігі. Өйткені жастар – елдің ертеңі. Сондықтан олардың спортпен айналысып, белсенді өмір салтын ұстануы үшін барлық ауылда осындай спорт және ойын алаңдарын салу ісі жалғасады», – деді әкім. Аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев те өз сөзінде жаңа спорт алаңының жастардың салауатты өмір салтын қалыптастырудағы маңызын айта отырып, бұл нысан ауыл өміріне тың серпін беретінін жеткізді. Футбол алаңы заманауи стандарттарға сай жабдықталған: киім ауыстыру бөлмелері, жарықтандыру жүйесі, жасанды көгал төсемі мен қауіпсіздік қоршаулары орнатылған. Нысан аумағы асфальтталып, көгалдандыру жұмыстары толық аяқталған. Бүгінде Түркістан облысы бойынша спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Биыл Созақ ауданындағы Шу, Тасты, Жуантөбе, Жартытөбе және Құмкент ауылдарында да осындай үлгідегі спорт алаңдарының құрылысы қарқынды жүргізіліп, аяқталуға жақын.  Бұл жобалар – облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуының нақты көрсеткіші. Жаңа спорт нысандары елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, спортқа бейімделуіне және салауатты ұрпақ қалыптастыруға зор мүмкіндік беруде. Созақтағы жаңа спорт алаңы – өңірдің өркендеуін айқындайтын маңызды әлеуметтік нысан. Бұл игі бастамалар Түркістан облысының тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер мен тұрақты дамудың символына айналып отыр.