ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ: ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ӨҢІРЛІК ӨСІМНІҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ

Түркістан облыстық мәслихатындағы AMANAT партиясы депутаттық фракциясының мәжілісі өтіп, онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары, сайлауалды бағдарламаның орындалу барысы және алдағы кезеңге арналған басым міндеттер кеңінен талқыланды. Мәжілісті партияның облыстық филиалының төрағасы, фракция жетекшісі Алтынсары Үмбеталиев ашып, жүргізді.

Жиын барысында «AMANAT» партиясының Түркістан облысы бойынша 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалу деңгейі сараланып, орындалмай қалу қаупі бар іс-шараларға талдау жасалды. Сонымен қатар партия жанындағы Әйелдер қанатының атқарған жұмыстары тыңдалып, әйелдер көшбасшылығын ілгерілету мәселелері қозғалды.

Мәжілісте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, өңірдің даму көрсеткіштері мен экономикалық өсімнің негізгі факторларына тоқталды. Оның айтуынша, партиямен бірлесіп әзірленген 2023–2027 жылдарға арналған Жол картасына облыс үшін стратегиялық маңызы бар іс-шаралар енгізілген. Жалпы жоспарланған қаржы көлемі 3 трлн теңгені құрайды. 2025 жылға жоспарланған 121 іс-шараның 77-сі орындалып, 30-ы жүзеге асырылу үстінде.

Ауыл шаруашылығы өңір экономикасының негізгі тірегі болып қала береді. Жыл басынан бері өндірілген өнім көлемі 1,2 трлн теңгеге жетіп, өсім 101,2 пайызды құрады. Осы бағытта экономиканы әртараптандыру және қайта өңдеу саласын дамыту мақсатында мақта-тоқыма, жүгері және ет кластерлерін дамытуға басымдық берілуде. Кластерлік тәсіл шаруалардың өнімін кепілді өткізуге, терең өңдеуді жолға қоюға және инвестиция тартуға мүмкіндік беріп отыр. Аталған үш кластерді дамыту нәтижесінде 2026 жылға қарай жеңіл өнеркәсіп көлемін 220 млрд теңгеге, ауыл шаруашылығы өнімін қосымша 433 млрд теңгеге арттыру жоспарланған.

Мақта-тоқыма кластері аясында элиталық сорттарды өсіру, су үнемдеу технологияларын енгізу және шикізатты терең өңдеу бағытындағы жобалар іске асырылуда. Мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылып, өнімділік бірнеше есеге артты. Жүгері кластері бойынша Шардара ауданында ірі қайта өңдеу зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Ал ет кластері аясында Орталық Азияда баламасы жоқ ірі кешендер іске қосылып, ет өнімдерін терең өңдеу көлемі ұлғайып келеді.

Өңірде «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде ауыл тұрғындарын қолдауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған нақты жұмыстар жүргізілуде. Мыңдаған жоба қаржыландырылып, қайта өңдеу кәсіпорындары мен жылыжайлар салынды. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауыл халқының табысын арттыруға ықпал етті. Сонымен қатар «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында жыл басынан бері 132 мың жұмыс орны құрылып, жоспар артығымен орындалды. Жұмыссыздық деңгейі төмендеп, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны айтарлықтай қысқарды.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. «Келешек мектептері» жобасы аясында жаңа мектептер салынуда, қолданыстағы білім нысандары жөндеуден өткізілді. Ауылдық жерлерде медициналық ғимараттар бой көтеріп, жедел жәрдем көліктері сатып алынды. Сонымен қатар «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында мәдениет нысандарының құрылысы жүргізіліп, елді мекендердің әлеуметтік келбеті жақсарып келеді.

Жиын барысында партияның Әйелдер қанатының Түркістан облыстық филиалының жетекшісі Қалыйма Жантөреева атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, әйелдердің қоғамдық-саяси белсенділігін арттыруға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ партия хатшысы, Әйелдер қанатының жетекшісі Шолпан Каринова әйелдердің көшбасшылығын дамыту, гендерлік теңдікті нығайту және әйелдердің ел дамуына белсенді қатысуын қамтамасыз ету бағытындағы бастамаларға тоқталды.

Мәжіліс қорытындысында Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының 2026 жылға арналған жұмыс жоспарының қаулы жобасы қабылданды. Жалпы алғанда, жиын өңірде жүргізіліп жатқан саясаттың жүйелі, нақты нәтижеге бағытталғанын және Түркістан облысының тұрақты дамуына партиялық бақылау мен жауапкершіліктің күшейіп отырғанын көрсетті.