Түркістан облысында 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының орындалу барысы кеңейтілген мәжілісте қаралды. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков төрағалық етті. Жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сараланып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды.
Аталған жоспар Түркістан облысы экономикасының сапалы өсуіне, өңірдің өндірістік және әлеуметтік әлеуетін арттыруға, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Құжатта 5 негізгі бағыт, 27 ұлттық индикатор, 18 нысаналы индикатор және 77 нәтижелі көрсеткіш белгіленген. Бұл көрсеткіштер өңірдің жалпы даму динамикасын анықтап, мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асырылуына ықпал етеді.
Мәжілісте сөз алған Талғат Қозбеков салалық басқармалар мен департамент басшыларына бекітілген индикаторлардың орындалуын ұдайы бақылауда ұстау қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, әр сала бойынша нақты іс-шаралар жоспарын ұсынып, көрсеткіштерге уақтылы қол жеткізу міндетін жүктеді.
– Түркістан облысының даму жоспары – өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсімін айқындайтын стратегиялық құжат. Сондықтан әрбір басқарма жоспарды нақты іс-қимылмен және нақты нәтижемен бекітуі тиіс. Жыл соңына дейін бекітілген индикаторларға толық қол жеткізу қажет. Бұл бағытта жауапкершілік пен үйлесімді жұмыс ерекше маңызды, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жиын барысында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек сөз алып, 2025 жылдың сегіз айындағы қорытындылар бойынша мониторинг нәтижелерін ұсынды. Оның айтуынша, бірқатар салаларда – денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, туризм бағыттарында оң серпін байқалғанымен, кейбір өзекті мәселелер де бар.
Мәселен, инфрақұрылымның жаңартылуы, кадр тапшылығы мен қаржыландыру көлеміне қатысты түйткілдер әлі де өзекті болып отыр. Сонымен қатар, Полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар департаментінің жұмысына қатысты да бірқатар бағыттарда жүйелі шешімді қажет ететін сұрақтар қозғалды.
Барлық айтылған ескертулер мен ұсыныстар арнайы хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынды. Тиісті басқармаларға кемшіліктерді жою және тиімділікті арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Кеңес қорытындысында Талғат Қозбеков әрбір сала бойынша нәтижеге бағытталған жаңа тәсілдерді қолдану, тиімді жобаларды іске асыру және мемлекеттік бағдарламалар аясында межеленген міндеттерді толық орындау қажеттігін атап өтті.
– Түркістан облысының дамуы – тек экономикалық көрсеткіштермен шектелмейді. Бұл халықтың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру және кәсіпкерлікті қолдау арқылы жүзеге асады. Сондықтан әрбір басқарма өз саласында жауапкершілікті сезініп, нақты нәтижеге жұмыс істеуі тиіс, – деді ол.
Бүгінде Түркістан облысы еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Өңірде өндіріс көлемі артып, инвестициялық белсенділік күшейіп, шағын және орта бизнес дамуда. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындары құрылып, ауыл шаруашылығы мен туризм салалары да ілгерілеуде.
