ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ІРІ ЖОБА: САРЫАҒАШТАҒЫ 5 ЕЛДІ МЕКЕНГЕ ТАЗА АУЫЗ СУ ЖЕТКІЗІЛДІ

Түркістан облысында мемлекетке қайтарылған активтерді халық игілігіне бағыттау жұмыстары нақты нәтижесін беріп келеді. Соның айқын дәлелі – Сарыағаш ауданындағы бес елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жобасының жүзеге асуы. Бұған дейін су тапшылығын сезініп келген Жібек жолы ауылдық округіндегі Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе, Сарқырама және Жаңақұрылыс елді мекендерінің тұрғындары көптен күткен қуанышты хабарға қол жеткізді.

Ауыз су жүйесінің іске қосылуына арналған салтанатты шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихат депутаттары, аудан прокуроры Мақсат Мошхалов, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы және жергілікті тұрғындар қатысты. Жобаның халық үшін маңызын ерекше атап өткен аудан әкімі Арман Абдуллаев бұл күннің ел есінде қалатын маңызды тарихи сәт екенін айтты.

– Тәуелсіздік күні қарсаңында ауылдастарымызбен бірге көптен күткен қуанышқа куә болып отырмыз. Жылдар бойы күткен таза ауыз судың әр шаңыраққа жеткізілуі – аймақ тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға жасалған маңызды қадам. Мемлекеттік бағдарламалар аясында сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса береді, – деді аудан басшысы.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобалар қатарында бұл жұмыс ерекше орын алады. Ең бастысы, су жүйесінің құрылысына қаржы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен бөлінген. Бұл – ел игілігіне бағытталған тиімді шешімдердің бірі.

Жаңадан пайдалануға берілген орталықтандырылған су жүйесі шамамен 16 мың абонентті сапалы ауыз сумен қамтуға қабілетті. Құрылыс жұмыстарын «FS Development Group» ЖШС толықтай орындады. Жобаның жүзеге асуы аймақтағы инфрақұрылымдық дамуға серпін беріп қана қоймай, тұрғындардың денсаулығына, тұрмыс деңгейіне және ауыл өмірінің тұрақтылығына оң әсер етеді.

Сарыағаш ауданы бүгінде халық саны бойынша аймақтағы ең ірі өңірлердің бірі. Мұнда 1 қала мен 13 ауылдық округке қарасты 63 елді мекен бар. Соңғы жылдары су инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда ауданның 50 елді мекені, яғни 79,3 пайызы орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылған.

Биыл тағы 13 елді мекенде құрылыс-монтаж жұмыстары басталып, олардың 9-ында жұмыс толық аяқталды. Соның ішінде жоғарыда аталған 5 ауылға су беріліп, аудан бойынша орталықтандырылған сумен қамтылған елді мекендер саны 54-ке жетті. Нәтижесінде суға қолжетімділік көрсеткіші 85,7 пайызға дейін артты.

Тұрғындар бұл жаңалықты ерекше қуанышпен қабылдады. Көпшілік үшін сапалы ауыз су – тұрмыс деңгейінің жақсаруына, денсаулықтың нығаюына және ауылдағы өмір сапасының артуына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Бұрын тасымал суға тәуелді немесе сапасы төмен құдық суын қолданып келген ауылдастар енді таза суға қол жеткізіп, күнделікті тұрмыс әлдеқайда жеңілдегенін айтуда.