Түркістан облысы әлеуметтік саясат пен экономикалық дамуды қатар өрбітудің тиімді үлгісін көрсетіп келеді. Өңірде ерекше күтімді қажет ететін тұрғындарға мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтіліп, әлеуметтік инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасы жаңа деңгейге көтерілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау және қолдау жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстар жан-жақты талқыланды. Әкім өз сөзінде әлеуметтік саланы дамытудың өңір экономикасы үшін маңызын атап өтті. – Әлеуметтік қолдау – тек халықтың әл-ауқатын арттыру тетігі емес, сонымен қатар экономикалық тұрақтылықтың да маңызды факторы. Әрбір азаматтың қоғам өміріне белсенді қатысуына мүмкіндік жасау – біздің басты міндетіміз. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі және сапалы болуы тиіс, – деді өңір басшысы. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының м.а. Алмас Әбдіқадыровтың мәліметінше, бүгінде өңірде 101 930 мүгедектігі бар адам есепте тұр. 2021 жылдан бері әлеуметтік қорғау шаралары «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы цифрландырылып, қызмет алушыларға қажетті оңалту құралдары мен қызмет жеткізушілерді өз бетінше таңдау мүмкіндігі берілді. Бұл тәсіл ашықтықты қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына жол ашты. Биылдың өзінде оңалту бағдарламасы 95 пайызға орындалып, 66 860 өтініш қанағаттандырылды. Бұл мақсатқа 17,1 млрд теңге бағытталды. Ал 2025 жылы тек міндетті гигиеналық құралдар мен әлеуметтік қызметтер көрсетуге 6,8 млрд теңге қарастырылған. Мұндай жүйелі қаржыландыру мен цифрлық бақылау өңірдегі жергілікті бизнес құрылымдарына, соның ішінде медициналық құрал-жабдық өндірушілер мен әлеуметтік қызмет жеткізушілерге жаңа нарықтар ашып отыр. Әлеуметтік секторды цифрландыру мен инфрақұрылымды жаңарту Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып келеді. Мемлекет есебінен жүзеге асып жатқан әлеуметтік жобалар – жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа серіктестік пен мемлекеттік сатып алу нарығына қатысу мүмкіндігі. Оңалту орталықтарын жабдықтау, әлеуметтік қызметтерді жеткізу және көмекші құралдар өндірісі бағытында жеке инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасалған. Бұл өз кезегінде жергілікті экономиканы әртараптандырып, шағын және орта бизнестің әлеуетін күшейтуде. Түркістан облысында әлеуметтік қолдау саясаты тек көмек көрсету мақсатында ғана емес, экономиканы дамыту мен қоғамның белсенділігін арттыруға бағытталған ұзақмерзімді стратегия ретінде жүзеге асып отыр. Мемлекет пен бизнес ынтымақтастығының нәтижесінде өңірде жұмыспен қамту, өндіріс, қызмет көрсету және инвестиция салаларының өзара байланысы күшейіп, Түркістан облысы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың үлгісіне айналып келеді.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
