Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы әлеуметтік және рухани бағыттағы жобаларын кеңейтіп келеді. Кітап оқу мәдениетін насихаттауға арналған кезекті жетінші жылжымалы кітапхана пункті енді Оранғай елді мекеніндегі «Самғау» оңалту орталығында өз жұмысын бастады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деген сөзі бұл бастаманың қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін айқындай түседі. Жобаның мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың рухани дамуына мүмкіндік жасау және әлеуметтік бейімделу процесін қолдау.
Салтанатты шараны «№6 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ директоры Гүлнұр Сауртаева мен облыстық «Фараб» кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Дана Хантөреқызы ашып берді. Лентаны қию рәсіміне орталықта ем қабылдап жүрген Сатыбалды Байшуаков пен Райхан Амангелдиева қатысты.
– Кітап сөрелерінің толығуы – ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін үлкен қуаныш. Бұл олардың бос уақытын мазмұнды өткізіп, білімін толықтыруына мүмкіндік береді. Осындай әлеуметтік маңызы бар бастамалар қоғамдағы тең мүмкіндіктерді дамытуға ықпал етеді. Кітап қорын толықтыруға атсалысқан кітапхана ұжымына алғыс айтамын, – деді мекеме директоры Гүлнұр Баялықызы.
Жаңа пункт қоры 300-ге жуық көркем, тарихи-танымдық, мотивациялық және әлемдік классикалық әдебиеттермен толықты. Бұл жобаның басты ерекшелігі – рухани және әлеуметтік қолдауды ұштастыра отырып, оқырмандық мәдениетті дамытуға бағытталғанында.
Жылжымалы кітапхана пункті – тек кітап алмасу емес, рухани серіктестік пен мәдени қолдаудың жаңа форматы.
