ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖАЛҒАСУДА

Түркістан облысында шетелдік инвестиция тарту және халықаралық әріптестікті нығайту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Оңтүстік Корея мемлекетінен келген инвестор Со Вон Енмен кездесті. Кездесу барысында тараптар өзара ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Өңір басшысы кореялық инвесторды Түркістан облысының инвестициялық әлеуетімен таныстырып, аймақта инвесторлар үшін қолайлы іскерлік орта қалыптасқанын атап өтті. Бүгінде облыста 20 индустриялық аймақ пен шағын өндірістік парктер жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтардың мүмкіндіктері өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға және жаңа жобаларды іске қосуға жол ашып отыр.

– Түркістан облысында инвестиция тартуға ерекше басымдық берілген. Инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін инфрақұрылымдық, әкімшілік және институционалдық қолдау тетіктері қарастырылған. Корея Республикасымен өзара тиімді әріптестік орнаған. Соның айқын дәлелі – Түркістан қаласында ІТ мамандарын даярлайтын «Woosong University Kazakhstan» жоғары оқу орнының ашылуы. Бұл бастамалар өңірдің инновациялық дамуына серпін береді, – деді Нұралхан Көшеров.

Кездесу барысында инфрақұрылым, өнеркәсіп, туризм, ауыл шаруашылығы, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытта қолға алынатын инвестициялық жобалар таныстырылды. Сондай-ақ жол-көлік, энергетика және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, шетелдік компаниялармен әріптестік орнату мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.

Түркістан облысында инвестициялық өсімнің нақты нәтижелері байқалуда. Биылғы 10 айдың қорытындысымен өңірге 1 триллион 178,4 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды. Жыл басынан бері 90-нан астам шетелдік компания өкілдерімен кездесулер өтіп, Қытай, Иран және Өзбекстан мемлекеттеріне ресми сапарлар ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар өңірдің халықаралық инвестициялық беделін арттыруға ықпал етуде.

Алдағы 2025–2028 жылдар аралығында Түркістан облысында 111 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 23 915 жаңа жұмыс орны құрылып, өңірдің экономикалық белсенділігі мен халықтың әл-ауқаты арта түспек.

Жалпы, шетелдік инвесторлармен жүргізіліп жатқан жүйелі келіссөздер мен нақты жобалар Түркістан облысын инвестиция үшін тартымды аймаққа айналдырып, тұрақты экономикалық өсімнің берік негізін қалыптастыруда.