ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТУРИСТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БОЙЫНША АУҚЫМДЫ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

Түркістан облысында туризм саласын дамыту және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру бағытында ауқымды жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның жарқын көрінісі ретінде Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылында жаңа заманауи демалыс аймағының құрылысы қолға алынды. Табиғаты көркем тау бөктерінде бой көтеріп жатқан «Хантау» демалыс кешені өңірдің туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, жергілікті экономиканың дамуына да тың серпін бермек.

Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқан жобаға шамамен 1 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл бастама Мемлекет басшысының туризмді экономиканың драйверлерінің біріне айналдыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Жобаның ерекшелігі – Түркістан облысында алғаш рет заманауи капсулалық демалыс орындарының салынуы. Әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын мұндай формат туристерге жайлы әрі ерекше демалыс ұсынуға мүмкіндік береді. Табиғатпен үндескен демалыс кешені бір мезетте 200-ден астам қонақты қабылдай алады. Ал ай сайын 20 мыңға жуық туристке қызмет көрсету жоспарланып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай жобалар өңірдегі ішкі туризмнің дамуына ғана емес, шетелдік туристер ағынын көбейтуге де ықпал етеді. Нәтижесінде қызмет көрсету саласы дамып, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артады. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын жақсартып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.

Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алғанда, жобаның тағы бір маңызды қыры – инфрақұрылымды дамытуға қосып отырған үлесі. Инвестор тарапынан су үстінен көпір салынып, 6 шақырымға дейін электр желілері тартылған. Мұндай инфрақұрылымдық жұмыстар тек демалыс аймағының қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, алдағы уақытта осы аумақта кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтарға қолайлы жағдай қалыптастырады.

Өңірде инфрақұрылымның жақсаруы жаңа инвестициялық жобалардың келуіне жол ашып, экономикалық белсенділікті күшейтеді. Бұл өз кезегінде салық түсімдерінің артуына, жергілікті бюджеттің нығаюына және әлеуметтік бағдарламаларды тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.

Түркістан облысы соңғы жылдары тарихи-мәдени мұраларымен қатар табиғи туризм бағыттарын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Хантағыдағы жаңа демалыс аймағы осы бағыттағы маңызды жобалардың біріне айналып отыр. Табиғат аясында сапалы демалыс ұсынатын кешеннің іске қосылуы өңірдің туристік картасындағы жаңа нысан ретінде танылып, Түркістан облысының туристік әлеуетін одан әрі арттыра түспек.