ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ҚАУІПСІЗДІГІН НЫҒАЙТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК КЕҢЕЮДЕ

Түркістан облысына Израиль мемлекетінің «Mekorot» ұлттық су компаниясының делегациясы жұмыс сапарымен келді. Делегацияны Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қабылдап, кездесу барысында су ресурстарын тиімді басқару және су шаруашылығын дамытуға қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Басқосуда өңірдегі су инфрақұрылымын жетілдіру, заманауи басқару технологияларын енгізу, тәжірибе алмасу және екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Облыс басшысы Түркістан өңірі халықаралық серіктестікке әрдайым ашық екенін айтып, су саласында бірлескен жаңа жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

– Түркістан облысы үшін су ресурстарын тиімді басқару – стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Ауыз су қызметтерін цифрландыру да күн тәртібіндегі маңызды мәселе. «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыс көлеміндегі 351 660 абонентті цифрландыру жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылмақ. Заманауи технологиялар мен басқарудың жаңа тәсілдерін енгізу су шаруашылығы саласының дамуына тың серпін береді деп сенеміз, – деді Нұралхан Көшеров.

Өз кезегінде «Mekorot» компаниясының президенті Даниэль Соффер компанияның негізгі қызмет бағыттарына тоқталып, Қазақстан аумағында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы кеңінен мәлімет берді. Сондай-ақ Израильдің су тапшылығы мен климаттық тәуекелдер жағдайында қалыптасқан тиімді басқару тәжірибесін бөлісуге дайын екенін айтты.

Кездесу қорытындысында тараптар су шаруашылығы саласындағы өзара әріптестікті дамытуға мүдделі екендерін білдіріп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін жан-жақты қарастыруға уағдаласты.

Айта кетейік, «Mekorot» компаниясы 1937 жылы құрылған Израиль мемлекетінің ұлттық су операторы болып саналады. Компания елдегі су ресурстарын басқару мен ұлттық су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша біртұтас жүйе қалыптастырған. Оның тәжірибесі халықаралық ұйымдар тарапынан су тапшылығы мен климаттың өзгеруі жағдайында ең тиімді үлгілердің бірі ретінде жоғары бағаланады.

Сонымен қатар Түркістан облысында ауыз сумен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. 2025 жылдың қорытындысымен облыс аумағындағы 801 елді мекен (7 қала, 794 ауылдық елді мекен) 100 пайыз ауыз сумен қамтылды. Дегенмен қазіргі таңда 430 мыңнан астам халқы бар 155 елді мекенге ауыз су кестемен берілуде.

Аталған мәселені түбегейлі шешу мақсатында 2025–2028 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, 2025 жылы 37 елді мекендегі 100 мыңға жуық тұрғын тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ал биыл тағы 39 елді мекендегі ауыз су мәселесін толық шешу көзделіп отыр.

Халықаралық тәжірибе мен заманауи технологияларды енгізу арқылы Түркістан облысында су қауіпсіздігін нығайту, тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын таппақ.