Түркістан облысында микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау бағытында маңызды шешім қабылданып, өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуына жаңа серпін беретін нақты тетіктер іске қосылуда. Бұл туралы брифинг барысында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Берешектермен жұмыс басқармасының басшысы Меруерт Ибрагимова мәлімдеді. Бүгінгі таңда өңірде 8 435 микро және шағын кәсіпкерлік субъектісінің салық берешегі тіркелген. Жалпы қарыз көлемі 4,8 млрд теңгені құраса, оған есептелген өсімпұл – 1,2 млрд теңге, ал айыппұл мөлшері 649 млн теңгеге жетіп отыр. Осыған байланысты мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсету мақсатында тиімді жеңілдік қарастырылған. Атап айтқанда, егер кәсіпкерлер негізгі салық қарызын толық өтеген жағдайда, шамамен 1,8 млрд теңге көлеміндегі өсімпұл мен айыппұл есептен шығарылады. Бұл бастама – жаңа Салық кодексіне көшу кезеңінде бизнесті қолдаудың маңызды құралы. Қабылданған қағидаларға сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қалыптасқан салық берешегі толық өтелген жағдайда, сол берешекке есептелген барлық өсімпұлдар мен айыппұлдар жойылады. Кәсіпкерлерге берілген мерзім – 2026 жылдың 31 наурызына дейін. Бұл ретте мемлекеттік кірістер органдары негізгі қарыз өтелгеннен кейін 3 жұмыс күні ішінде өсімпұлдарды есептен шығару туралы шешім қабылдайды. Аталған шаралар кәсіпкерлерге түсетін қаржылық жүктемені айтарлықтай азайтып, олардың қызметін тұрақтандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасының белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, шағын және микро бизнес субъектілері экономиканың тірегіне айналып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар, салықтық тәртіпті сақтау мәселесіне де ерекше назар аударылған. Салық берешегі өтелмеген жағдайда, заңнамаға сәйкес бірқатар шектеу шаралары қолданылады. Атап айтқанда, кәсіпкердің банктік шоттары мен кассалық операциялары уақытша тоқтатылуы мүмкін. Егер берешек көлемі ұлғайған сайын, мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары да күшейтіледі. Ал ірі көлемдегі қарыз (27 000 айлық есептік көрсеткіштен жоғары) 3 ай ішінде өтелмеген жағдайда, борышкерге елден шығуға уақытша шектеу қойылуы ықтимал. Жеке тұлғалар үшін де нақты тәртіп белгіленген. Салық берешегі туындаған жағдайда, тиісті хабарламалар уақытылы жолданып, орындалмаған жағдайда іс жеке сот орындаушыларына беріледі. Бұл өз кезегінде салықтық міндеттемелерді орындаудың маңыздылығын арттырады.
