ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КҮРІШ ЕГІСІНЕ ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ ЕНГІЗІЛІП, СУ ҮНЕМДЕУ КӨРСЕТКІШІ АРТТЫ

Түркістан облысында су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауында. Өңірде ауыл шаруашылығын жаңғырту, өнімділікті арттыру және су тапшылығының алдын алу мақсатында заманауи тәсілдер кезең-кезеңімен енгізіліп келеді.

2025 жылы «Таймас-2024» ЖШС Отырар ауданына қарасты Қарғалы ауыл округінде 400 гектар алқапқа күрішті тамшылатып суғару әдісімен екті. Нәтижесінде әр гектардан орта есеппен 50 центнер өнім алынды. Бұл – ылғал сүйгіш дақыл үшін жоғары көрсеткіштердің бірі. 2026 жылы аталған тәжірибені кеңейтіп, қосымша 200 гектар жерге енгізу жоспарланып отыр.

Айта кетерлігі, күріш дақылы елімізде пилоттық негізде алғаш рет дәл осы тамшылатып суару технологиясы арқылы егілді. Дәстүрлі тәсілде бір гектар күрішке 26 мың текше метрге дейін су жұмсалатын болса, жаңа технология арқылы бұл көлем шамамен 15 мың текше метрге дейін қысқарды. Яғни, су шығыны екі есеге жуық азайды. Бұл – су ресурстарын үнемді пайдалану мен аграрлық секторды тұрақты дамыту жолындағы нақты әрі өлшенетін нәтиже.

Сонымен қатар, мақта шаруашылығында да су үнемдеу технологиялары белсенді енгізілуде. 2024 жылы мақта 105,2 мың гектарға дәстүрлі әдіспен, 1,2 мың гектарға жаңа технологиямен егілген болса, 2025 жылы заманауи әдіс қолданылған алқап көлемі 52,2 мың гектарға дейін ұлғайды. Нәтижесінде гектарына 60 центнерге дейін өнім алынып, 89,3 млн текше метр су үнемделді. 2026 жылы мақта егісін жаңа технологиямен 87 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда.

Жалпы алғанда, енгізіліп жатқан заманауи агротехнологиялар күріш пен мақта өнімділігін арттырып қана қоймай, су тапшылығы жағдайында әрбір текше метр суды тиімді пайдалануға мүмкіндік беруде. Бұл – өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.