Түркістан облысында өңірдің экономикалық және инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Басты мақсат – өңірдің өзін-өзі қамтамасыз ететін, экономикалық тұрғыда тұрақты аймаққа айналдыру.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан бірқатар стратегиялық нысандарды аралап, олардың тиімділігін бағалады.
Түркістанның экономикалық дамуына серпін беретін ең ірі жобалардың бірі – Шаға жасанды көлі. 81 гектар аумақты қамтитын, 2,3 миллион текше метр су сыйымдылығы бар көл — инженерлік және туристік маңызы жоғары нысан.
Бастапқыда ол көктемгі су тасқынын реттеу үшін салынса, бүгінде көл аумағында туристік-рекреациялық аймақ қалыптастыру жоспары бар. Мұнда жағажайлар, демалыс орындары, автоматтандырылған суару жүйесі мен инфрақұрылым нысандары салынуда.
Жобаны толық жүзеге асыруға инвесторлар тартылып, бірқатар жұмыстар жеке капитал есебінен қаржыландырылмақ. Бұл өңір экономикасына жаңа инвестиция ағынын қамтамасыз етеді.
Экономикалық тиімділікті арттыру бағытында қалада «Көшелерді ақылды жарықтандыру» жобасы іске асырылып жатыр. Автоматтандырылған жүйе электр энергиясын үнемдеп, бюджет шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді.
Осы арқылы Түркістан қаласы «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясында өзін-өзі тиімді басқаратын әрі ресурстарды ұтымды пайдаланатын аймаққа айналуда.
Түркістан қаласында соңғы жылдары туризм, сауда, қызмет көрсету және құрылыс салалары айтарлықтай дамып келеді. Бұл бағыттар өңірдің өзін-өзі қамтамасыз ету қабілетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашуда.
Инфрақұрылымдық жобалардың тиімді жүзеге асуы облыстың жалпы ішкі өнімін ұлғайтып, жеке инвестиция үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
