ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕТ ӨНДІРІСІ МЕН ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және экспортқа бағытталған өндірістердің үлесін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде өңірде заманауи өндіріс орындары іске қосылып, мал шаруашылығының өндірістік әлеуеті артып келеді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын ұлғайтып, өңір экономикасының тұрақты дамуына, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруде.

Бүгінде Түркістан облысы еліміздегі мал шаруашылығы жақсы дамыған өңірлердің бірі саналады. Соңғы жылдары ірі қара, қой және жылқы шаруашылығын дамытуға басымдық беріліп, мал басының саны артып қана қоймай, оны терең өңдеу арқылы экспортқа бағдарланған өндірістердің қатары көбейіп келеді. Осылайша өңірде өндірістің толық циклі қалыптасып, ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігі артуда.

Осы бағыттағы ірі жобалардың бірі – Сайрам ауданындағы Манкент ауылында орналасқан «KAZ ECO MEAT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заманауи ет өңдеу кешені. Кәсіпорын өңірдегі ет өндірісі мен экспорттық әлеуетті дамытуға елеулі үлес қосып отырған маңызды өндіріс орындарының бірі болып табылады.

460 гектар аумақта орналасқан өндіріс кешенінде жылқы, ірі қара және ұсақ мал еттері заманауи технологиялар арқылы терең өңделеді. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы бір ауысымда 500 бас ірі қара мен 600 бас ұсақ малды өңдеуге мүмкіндік береді. Жылдық өндірістік көлемі 30–40 мың тонна етті құрайтын кәсіпорын халықаралық талаптарға сәйкес келетін жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған.

Өндірістің негізгі ерекшелігінің бірі – өнім сапасына ерекше көңіл бөлінуі. Заманауи технологияларды енгізу ет өнімдерінің қауіпсіздігін, сапасын және халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етіп, сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беруде.

Бүгінде кәсіпорында 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, бұл өңірдегі халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға өз үлесін қосып отыр. Сонымен қатар мұндай өндіріс орындарының ашылуы көлік-логистика, ветеринария, жем-шөп өндірісі, қызмет көрсету және сауда салаларының дамуына мультипликативтік әсер беріп, жергілікті экономиканың белсенділігін күшейтуде.

Кәсіпорын өндірген өнімнің 50 пайызы ішкі нарыққа жеткізілсе, қалған 50 пайызы экспортқа бағытталады. Бұл өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, қазақстандық сапалы ет өнімдерінің халықаралық нарықтағы үлесін көбейтуге мүмкіндік береді. Экспорт көлемінің ұлғаюы жергілікті шаруалардың өнімін өткізудің тұрақты нарығын қалыптастырып, мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға оң ықпал етуде.

Жалпы, Түркістан облысында мал бордақылау алаңдарының, ет өңдеу кәсіпорындарының және қайта өңдеу өндірістерінің көбеюі агроөнеркәсіптік кешеннің сапалы жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Бұл жұмыстар ауыл шаруашылығы өнімдерін шикізат күйінде емес, терең өңдеп, қосылған құны жоғары дайын өнім ретінде өндіруге жол ашып отыр.