Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында елдің цифрлық дамуын ұлттық басым бағыттардың бірі ретінде атап келеді. Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты биылғы Жолдауында да қоғамның әлеуетін цифрлық технологияларды кеңінен қолдану арқылы арттыру міндеті қойылған болатын.
Осы бағытта Түркістан облысында халықты сапалы интернетпен қамту ісі жүйелі түрде жүргізілуде. Аймақтың цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы мен «Jusan Mobile» АҚ арасындағы ынтымақтастық нәтижесінде байланыс сапасы төмен елді мекендерге ғарыштық байланыс жүйесін пайдалану жобасы қолға алынды.
Бүгін Отырар ауданының Қостерек ауылында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында OneWeb спутниктік жүйесі орнатылып, қоғамдық Wi-Fi желісі іске қосылды. Жобаның таныстырылымына Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов және «Jusan Mobile» АҚ-ның Түркістан облысы бойынша директоры Нұрбол Баураев қатысып, жаңа технологияның мүмкіндіктерімен бөлісті.
Компания өкілдерінің айтуынша, мұндай спутниктік жүйе облыстың шалғай елді мекендерінде — Арыс қаласының Бұлақ, Ақтас, Дарбаза ауылдарында, Қазығұрт ауданының Өгем, Келес ауданының Тартоғай, Түлкібас ауданының Иірсу, Шардара ауданының Құйған және Отырар ауданының Қостерек ауылында орнатылды.
Аудан әкімдігі ауыл тұрғындарын кең жолақты интернетке қосу бағытында атқарылған жұмыстардың жалғасатынын жеткізді. Тұрғындар атынан сөз алған Сындарқұл Арғынбай бастаманы жоғары бағалап, ауыл халқының ақпараттық кеңістікке толыққанды араласуына мүмкіндік туғанын айтты.
Айта кетсек, қараша айында жеке инвестор есебінен базалық байланыс станциясы іске қосылмақ. Бұл жоба іске асқан жағдайда, ауыл халқы тұрақты әрі жоғары жылдамдықтағы байланыс қызметін толық пайдалана алады.
