ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 66 АУЫЗ СУ НЫСАНЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚЫЗУ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан облысында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Биыл осы мақсатта өңір бойынша 66 ауыз су нысанының құрылысына бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс қарқыны күшейтілді. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін 38 елді мекен ауыз сумен толық қамтылып, жаңа су жүйелері пайдалануға берілмек. Ал қалған 28 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі. Бұл жобалар іске асқанда облыс тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі айтарлықтай артады. Ауыз су мәселесі өңір үшін стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі саналады. Сол себепті нысандардың сапалы әрі уақытылы аяқталуын қадағалау күшейтіліп, жұмыстардың барысына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Тиісті мекемелерге ауыз судың кестемен берілетін елді мекендеріндегі проблемаларды шешу және су жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды. Биылғы жоспар аясында 30 елді мекенде жаңа су құбырлары тартылып, тозығы жеткен жүйелер жаңартылуда. Сонымен қатар, облыс көлемінде 17 су беруші мекеме халыққа ауыз сумен жабдықтау қызметін көрсетеді. Қазіргі таңда елді мекендерде барлау жұмыстары жүргізіліп, қажетті индикаторлар енгізілген. Мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасалып, су нысандарының құрылысы қарқынды жалғасуда. Әсіресе Ордабасы, Қазығұрт, Бәйдібек, Сарыағаш және Келес аудандарында ауқымды жұмыстар атқарылып, кейбір елді мекендерде су нысандарының құрылысы аяқталуға жақын. Ал басқа аймақтарда ұңғымаларды бұрғылау және құбыр желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін облыс бойынша 215 елді мекеннің ауыз су жүйесін жаңарту жоспары жасалып, соның ішінде 86 елді мекеннің мәселесі толығымен шешілген. Қазіргі таңда 129 елді мекенге ауыз су кестеге сай берілуде. Оның ішінде 68 елді мекеннің су жүйесі аудандық меншікте, ал 61 елді мекеннің су жүйесі республикалық деңгейдегі «Қазсушар» кәсіпорнының теңгерімінде. Жыл соңына дейін 24 елді мекенге тәулік бойы ауыз су жеткізу жоспарланып отыр. Қалған 20 елді мекеннің су жүйесін үздіксіз қамтамасыз ету жұмыстары келесі жылы жүзеге асатын болады. Түркістан облысында қолға алынған бұл жобалар өңір халқының өмір сапасын арттыруға, ауылдық аумақтардың әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтуға және ауыз су тапшылығын түбегейлі шешуге бағытталған.