Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі бағыттарының бірі ретінде таза ауыз суға қолжетімділікті қамтамасыз етуді атап өткен болатын. Президент тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін ел тұрғындарын 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту міндеті қойылған. Бұл мақсатқа жету жолында Түркістан облысында жүйелі әрі нақты жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі таңда облысқа қарасты қалалар 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылған, ал ауылдық елді мекендердің қамтылу деңгейі 98,1 пайызға жетіп отыр. Бұл көрсеткіш өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды жетістіктердің бірі саналады.
2025 жылға дейін тұрғындарды толық сапалы ауыз сумен қамту мақсатында облыс бойынша 66 инфрақұрылымдық нысанның құрылысына бюджеттен қажетті қаражат бөлінді. Оның ішінде 38 нысан биыл пайдалануға берілмек, ал қалған 28 нысанның құрылысы 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр.
Жобалардың негізгі бөлігі халықтың сұранысы жоғары елді мекендерге бағытталған. Атап айтқанда, индикаторға енгізілген 30,8 мың тұрғыны бар 30 елді мекенде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Сарыағаш, Келес және Шардара аудандарындағы шалғай орналасқан 8 елді мекенге кешенді блок-модульдер (КБМ) орнату жоспарлануда. Бұл – орталықтандырылған жүйеден тыс ауыз су мәселесін шешудің тиімді тәсілі.
Қазіргі таңда Түркістан облысы аумағында 756 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Оның ішінде 165 елді мекен – жерүсті суларымен, ал 591 елді мекен – жерасты су көздерімен қамтамасыз етілген. Бұл — аймақтың табиғи ресурстарын тиімді пайдалану арқылы сумен қамту теңгерімін сақтау жолындағы оң тәжірибе.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы елді мекендердегі су жүйелеріне толық мониторинг жүргізді. Талдау нәтижесінде 548 елді мекен тәулік бойы ауыз сумен қамтылған, ал 192 елді мекенде су кестемен берілетіні анықталды. Кестемен су берілетін елді мекендердің бір бөлігі (83 елді мекен) — тек жаз айларында, ал 109 елді мекен жыл бойы кесте бойынша қамтылуда.
Бұған қоса, 170 елді мекенде су көлемінің азаюы мен тазалау қондырғыларының қуатының жеткіліксіздігі байқалған, ал 22 елді мекенде су жүйелерінің тозуы мәселесі өзекті болып отыр. Осы түйткілдерді шешу үшін кешенді шаралар қабылданып, биыл 33 елді мекенді үздіксіз ауыз сумен қамтуға 12,7 млрд теңге бөлінді.
Алдағы жылдары да бұл бағыттағы жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, 2026 жылы 101 елді мекенді, 2027–2028 жылдары тағы 58 елді мекенді толық ауыз сумен қамту жоспарланып отыр.
Ауыз су нысандарының құрылыс барысы облыс әкімінің тікелей бақылауында. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен бұл мәселе тұрақты түрде штаб отырыстарында қаралып, нысандардың уақтылы және сапалы аяқталуы басты назарға алынған.
Түркістан облысында атқарылып жатқан бұл ауқымды жұмыстар – өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, ауылдық жерлердегі халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты іс-шаралар. Су мәселесін түбегейлі шешу – облыстың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың тұрмыс деңгейін жақсартудың маңызды кепілі болып табылады.
