Түркістан облысында шетелдік инвесторлармен өзара әріптестік байланыстарды нығайту, өңір экономикасын дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың инвестиция тарту мен өңірлердің өндірістік әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмаларының нақты нәтижесі. Осы мақсатта Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Ауғанстан Ислам Республикасынан келген инвесторлар делегациясымен кездесті. Арнайы іссапармен келген қонақтар өңірдің мәдени, экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерімен кеңінен танысты. Ауғанстандық делегация сапарын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен бастады. Сондай-ақ, олар «Ұлы Дала Елі» орталығы, Ясауи музейі және «Керуен сарай» туристік кешенін аралап, Түркістанның бай тарихи мұрасы мен рухани келбетінен терең әсер алды. Мұндай мәдени бағдарлама шетелдік инвесторларға өңірдің туристік әлеуетін және мәдени тартымдылығын жан-жақты таныстыруға зор мүмкіндік берді. Сапардың келесі бөлігі Сауран ауданындағы «Шағын өнеркәсіптік паркінде» жалғасты. Мұнда инвесторлар өңірдің өндірістік инфрақұрылымымен және заманауи кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, делегация өкілдері «UBS» халықаралық тоңазытқыш зауыты мен жиһаз өндіретін «Aqniet Holding» кешенінің жұмыс барысын көрді. Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Түркістан өңірінде жүзеге асып жатқан ірі инвестициялық жобалар, индустриялық аймақтардың мүмкіндіктері және арнайы экономикалық аймақтардағы шетелдік капиталға жасалған қолайлы жағдайлар туралы кеңінен баяндады. Ауғанстаннан келген кәсіпкерлер Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын жоғары бағалап, бірлескен жобаларды іске асыруға ниет білдірді. Тараптар сауда және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі мен шағын және орта бизнес бағыттарында жаңа серіктестік мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде уағдаласты. Мұндай кездесулер Түркістан облысының халықаралық экономикалық байланысын нығайтып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өндірістік әлеуетінің артуына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына елеулі үлес қосуда.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
