Қазақстанда цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауы – елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясын жаңа технологиялар негізінде жүзеге асыруға бағытталған нақты қадам. Осы бастама аясында Кентау қаласындағы Кентау политехникалық колледжінде заманауи IT-кабинет ашылып, өңірдің білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға серпін берілді. Бұл жоба – Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңге қадам басқанын көрсетеді. Жаңа IT-кабинет заманауи компьютерлік техникамен, озық бағдарламалық жасақтамамен және білім алушылардың цифрлық дағдыларын дамытуға арналған оқу ресурстарымен толық жабдықталған. Мұнда студенттер бағдарламалау негіздерін, ақпараттық технологияларды және сандық шешімдерді тәжірибелік тұрғыда меңгеруге мүмкіндік алады. Бұл – еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың нақты тетігі. Аталған шараға қатысқан қала әкімі Жандос Тасов оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысып, білім беру сапасын арттыру бағытында жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Жалпы, колледжде студенттерге заманауи талаптарға сай білім алу үшін барлық қажетті жағдайлар қарастырылған. Жаңа IT-кабинеттің ашылуы – тек инфрақұрылымдық жаңарту ғана емес, сонымен қатар білім беру жүйесіне жасанды интеллект элементтерін енгізудің маңызды кезеңі. Бұл бастама студенттердің жобалық жұмыстарын дамытуға, кәсіби шеберлік байқауларына дайындауға және заманауи зияткерлік жүйелермен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға жол ашады. Колледж әкімшілігінің мәліметінше, бұл кабинет алдағы уақытта білім беруді цифрлық трансформациялаудың негізгі алаңына айналып, ІТ және жоғары технологиялар саласында жұмыс берушілермен және әлеуметтік серіктестермен байланысты нығайтуға ықпал етеді. Айта кету керек, Кентау политехникалық колледжі – өңірдегі жетекші техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бірі. Мұнда 800-ден астам студент 11 мамандық және 20 біліктілік бойынша білім алады. 60-тан астам жоғары білікті педагог оқу процесінің сапасын қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, колледж Alageum Electric компаниясының кәсіпорындарымен тығыз байланыс орнатып, дуальді білім беру жүйесін тиімді жүзеге асыруда. Жалпы алғанда, Түркістан облысында цифрландыру бағытындағы мұндай бастамалар өңір экономикасының сапалы дамуына, адами капиталдың нығаюына және жаңа технологияларға бейімделген кәсіби кадрлар даярлауға берік негіз қалыптастырып отыр.
