ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ӨНЕРКӘСІП ПАРКІ АРҚЫЛЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТ КЕҢЕЙТІЛУДЕ

Түркістан облысының Ордабасы ауданында өңірдің экономикалық өсімін қамтамасыз ету, өнеркәсіптік өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы негізгі жобалардың бірі – аудан орталығында орналасқан «Темірлан» өндірістік паркі.

Аумағы 10,5 гектарды құрайтын өндірістік парк кәсіпкерлер үшін қолайлы инфрақұрылымдық жағдайлармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда электр энергиясы мен ауыз су жүйелері тартылып, ішкі жолдарға асфальт жабындысы төселген. Бұл өз кезегінде өндірістік нысандардың тұрақты жұмыс істеуіне және инвестициялық жобалардың тиімді жүзеге асуына мүмкіндік беріп отыр.

Жобаның алғашқы кезеңінде жалпы аумағы 2400 шаршы метрді құрайтын 5 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталды. Әрбір өндірістік ангардың көлемі 480 шаршы метрді құрайды. Бұл инфрақұрылым шағын және орта бизнестің өндірістік қуатын арттыруға бағытталған.

Қазіргі уақытта өндірістік парк аумағында жалпы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобалар толық іске қосылған жағдайда 60-тан астам жаңа жұмыс орны ашылып, аудан экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосады деп күтілуде.

Атап айтқанда, кәсіпкерлік субъектілері түрлі бағыттарда өндіріс ұйымдастыруда. «ALMEN GROUP» ЖШС тәулігіне 5 тоннаға дейін кір жуғыш ұнтақ өндіруді жоспарласа, «ҚАРАБАТЫР АГРО» ЖШС металл бұйымдарын, соның ішінде шеге мен сым өнімдерін шығаруды қолға алған. Ал «ASIA ENERGY Co» ЖШС күн панельдеріне арналған бөлшектер өндірісін дамытуды көздейді. «Faced Company» ЖШС шыны өнімдерін өндіру бағытында жұмыс жүргізсе, «Ақназар» жеке кәсіпкерлігі жартылай фабрикаттар, гидропоника және құрама жем өндірісін іске асыруда.

Өндірістік парк тек өндіріс алаңы ғана емес, сонымен қатар өңірге жаңа технологиялар мен инвестиция тартудың маңызды орталығына айналып келеді. Бұл бастама Ордабасы ауданының индустриялық әлеуетін арттырып, өңір экономикасының әртараптануына жол ашуда.

Аудан басшылығы тарапынан жобалардың жүзеге асу барысына тұрақты мониторинг жүргізіліп, кәсіпкерлермен ашық форматта кездесулер ұйымдастырылуда. Кездесулер барысында өндірістік жобалардың сапалы әрі уақытылы іске асырылуы, сондай-ақ туындайтын мәселелерді жедел шешу бағытында нақты тапсырмалар берілуде.

Жалпы алғанда, «Темірлан» өндірістік паркін дамыту – Ордабасы ауданының инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадамдардың бірі болып отыр.