Түркістан облысында білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жүйелі жұмыстар нәтижесін беріп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – соның айқын дәлелі. Аталған жоба аясында өңірде 29 заманауи мектептің құрылысы жүргізіліп, олардың бірі Мақтаарал ауданына қарасты Атакент кентінде ел игілігіне берілді. 1500 орындық жаңа білім ордасының салтанатты ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, тұрғындарды қуанышты жаңалықпен құттықтады.
Аймақ басшысы өз сөзінде жаңа мектептің ашылуы – өңір үшін ғана емес, ел болашағы үшін маңызды оқиға екенін атап өтті.
– Бүгін Мақтаарал өңірінде тағы бір игілікті іс жүзеге асып отыр. Заманауи талаптарға сай жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Бұл – мемлекеттің білім мен ғылымды дамытуға бағытталған стратегиялық саясатының нақты көрінісі. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – еліміздің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бағдарлама. Атакент кентінде ашылып отырған 1500 орындық мектеп – ауыл балаларына жасалған үлкен мүмкіндік. Мұнда терең білім алуға, шығармашылық қабілеттерді дамытуға және жан-жақты қалыптасуға барлық жағдай қарастырылған. Бұл мектеп – тек білім беру орны ғана емес, болашақ азаматтарды тәрбиелейтін рухани әрі зияткерлік орта. Мақтаарал – еңбекқор халқы бар, қарқынды дамып келе жатқан өңір. Жаңа білім ұясы осы ауданның адами капиталын арттырып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа белестерге жетелейді. Бұл – ұлт болашағына салынған инвестиция, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Жобаның жалпы құны 5,2 млрд теңгені құрайды. Мектеп ғимараты 14 710 шаршы метр аумақта орналасқан және бір мезетте 1500 оқушыны қабылдай алады. Құрылыс жұмыстары Samruk-Kazyna Construction акционерлік қоғамының тапсырысымен «BCN Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жүргізілген.
Жаңа мектеп заманауи білім беру талаптарына толық сай жабдықталған. Мұнда кең спорт залы, мәдениет және акт залдары, асхана, мәжіліс залы, заманауи оқу кабинеттері мен арнайы пән сыныптары бар. Оқушылардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына барлық жағдай жасалған.
Айта кетейік, Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» жобасы аясында барлығы 29 жаңа білім ошағы салынды. Бұл – өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешуге, сондай-ақ ауыл мен қала арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған ауқымды жұмыс.
Атакент кентінде ашылған жаңа мектеп – Түркістан облысының дамуы жолындағы тағы бір маңызды белес. Ол жас ұрпақтың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті, отаншыл әрі рухы биік азамат болып қалыптасуына берік негіз қалайды.
